Маңғыстаулық дәрігерлер өз еркімен «Спутник-V» вакцинасын ала бастады. Коронавирусқа қарсы алғашқы екпені Маңғыстау облыстық ауруханасының дәрігерлері алды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Содан соң ерікті түрде жедел жәрдем қызметкерлері мен жұқпалы аурулар ауруханасының дәрігерлері алады. Айта кету керек, вакцинаны алатын адамның профилактикалық вакцинацияға қарсы көрсетілімдері болмауы тиіс. Екпе салмастан бұрын дәрігердің міндетті түрде тексеруінен өтеді.
«Дәрігер ретінде мен екпе алу дұрыс деп санаймын. Бірнеше минут бұрын маған вакцина салды. Өзімді жақсы сезінемін. Халықты вакцинациядан бас тартпауға шақырамын», - дейді Маңғыстау облыстық ауруханасының директоры Жәнібек Ажмұханов.
Жәнібек Ажмұхановтың айтуынша, екпе алған барлық дәрігер өздерін жақсы сезінеді, ешкімде жанама әсерлер байқалмаған.
Дәрігерлерден бөлек Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Гүлмира Қалмұратова вакцинаны өз еркімен алуға шешім қабылдады. Алайда медициналық көрсеткіштер бойынша екпені салу кейінге қалдырылды.
«Екпені салмас бұрын пациент тексеруден өтті. Тексеру нәтижесінде медициналық қарсы көрсетілімдері бар екені анықталды. Жақсарғаннан кейін екпені алады. Бұл жерде асығыстық танытпау қажет», - дейді №2 қалалық аурухананың дәрігері Тоғжан Нұртазаева.