©
Берекелі Бейнеу деген ат алып, Қыдыр қонып, құт дарыған атажұрт! Бейнеу ауданы өткен жылды үлкен жетістіктермен қорытындылады. Маңғыстау облыстық конкурста облыстағы барлық аудан орталықтары арасында Бейнеу үздік ауыл атанып, үздік жүлдеге ие болып, 12 млн. теңге сыйлықты қанжығаға байлады. Ауданның мерейлі жеңісі еселеніп, тек Бейнеу емес, Боранқұл ауылы да "Үздік ауыл" атағын жеңіп алып, 10 млн. теңге сертификатқа ие болды, сондай-ақ ең шалғай ауыл Тұрыш та арнайы сыйлыққа ие болды. Бұл жеңіс - аудан әкімі Бейнеубек Әбілов бастаған ел азаматтарының ел үшін жасаған еңбектерінің мерейлі нәтижесі, топжарған табысы, ел үшін атқарған істеріне берілген лайықты баға. Бірлікпен келген жеңіс құтты болсын дей отырып, бейнеуліктерге алдағы жылда алар асуларың еселене берсін демекпіз.
Бейнеудің мерейі тағы да асқақтады. Бұдан бұрын жоғарыда айтқанымыздай, Бейнеу, Боранқұл, Тұрыш ауылдары облыстық конкурста "Үздік ауыл" атанса, енді облыс бойынша "Жыл адамы - 2018" жыл жетістіктерін таразылаған салтанатты жиында Бейнеу ауданы "Спорт саласында үздік аудан" номинациясын жеңіп алды. Ауданның спорт саласындағы жетістігі нені көрсетеді? Бұл ауыл жастарының нағыз ерлігін көрсетеді. Жастардың жалын жігері мен елін сүйген намысын көрсетеді, мықтылығы мен тектілігін көрсетеді. Түптеп келгенде, аудан басшылығы тарапынан ауыл жастарына деген қамқорлық пен қолдаудың оң нәтижесін көрсетеді. Жастардың бойында жасампаздыққа ұмтылу барда ауыл өркендеп, ел дамиды.
Осы орайда «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейтін аталы сөзге сүйеніп, айта кетейік. Аудан басшысы Бейнеубек Әбілов ауданда салауаттылық салтын орнықтырып, спортты дамытуда, мәдениет, спорт, өнер саласындағы адамдарды қолдауда көптеген игілікті істерді жүзеге асырып келеді. Спорт саласын қолдауда биылғы жылдың санаулы айларында аудан орталығындағы палуан Әли Балта атындағы орталық стадион күрделі жөндеуден өтті, жаңадан спорттық алаңдар, «Workout» алаңы мен мұз айдыны салынды. Сарға ауылында спорт алаңы пайдалануға берілді. Есет ауылы жастарының бастамасымен жаттығу залының және Боранқұл ауылында инвесторлардың демеушілігімен екі спорттық алаңның құрылысы басталды. Бейнеу ауылында дене шынықтыру және сауықтыру кешені және инвестордың көмегімен жүзу бассейіні салынуда. Аудан тұрғындары салауатты өмір салтын ұстанып, таңғы жаттығу өткізуді дәстүрге айналдыруда.
Бейнеуліктер аршылан оғландарын мақтан тұтады. Оларды атап өтсек, қазақ күресінің дәстүрлі «Қазақстан Барысы» турнирінің қатысушысы және «Түйе палуан» атанған Нұрдәулет Жарылғапов, дзюдо күресінен республика чемпионы Бауыржан Нарбаев және аудан спортшыларын тәрбиелеп жүрген Жеңіс Қайранов пен Талғат Есекеновтің де еңбегі зор.
Айтпақшы, жоғарыда айтылған облыстық салтанатты жиында «Жыл жетістігі» номинациясын бейнеулік Бауыржан Нарбаев алса, «Ұлттық спорт үздігі» номинациясына Нұрдәулет Жарылғапов ие болды. Ел мақтанышы Бауыржан Нарбаев «Жыл адамы-2018» атанды. Сондай-ақ «Болашақ» бөбекжайының тәрбиешісі Жазира Джубанова "Жыл тәрбиешісі" атанды. Осылайша «Жастар жылы - 2019» қарсаңында аудан жастарының алғы легі жұлдыздай жарқырап, көріне бастады! Жеңіс құтты болсын, жалғасын тапсын дейміз.
Айнахан ЕСЕТ