Нұрдәулет Жарылғапов

Биыл алтыншы мәрте жалауы желбірейтін «Қазақстан барысында» облыстың намысын Нұрдәулет Жарылғапов пен Ербол Игілік қорғайтын болды. Қос балуанның облыстық іріктеуден бағы жанып, ағымдағы жылдың маусым айында Астана қаласында өтетін республикалық ақтық бәсекеге жолдама ұтып алды.

Нұрдәулет Жарылғапов «Маңғыстау барысы» атандыБұл жолы «Маңғыстау барысы» облыстық теннис орталығының ашық алаңында өтті. Ұлттық спортымызды ұлықтауға арналған жарысқа екі қала мен бес ауданнан келген салмақтары 90 келіден жоғары 15 балуан қатысып, өзара белдеседі. Жарысты тамашалап, балуандарды қолдау келген жанкүйерлердің де қарасы көп болды.

-Елбасы Н. Назарбаевтың жүлдесі үшін қазақ күресінен алтыншы рет өткізіліп отырған облыстық іріктеуді ұйымдастырған облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшының міндетін атқарушы Рушания Елизарова мен облыстық қазақ күресі федерациясының президенті Аббат Өрісбаев болатын. Сондай-ақ, жарыстың жоғары деңгейде өтуіне атсалысып, қолдау көрсеткен «Айком ЛТД» ЖШС, «Тех Цемент сервис» ЖШС, «Шегендеу сервис» ЖШС, Маңғыстау облыстық кикбоксинг федерация президенті Айтқали Тілеумағамбетовке алғыс айтамыз. Жарысқа қалалық, аудандық іріктеулерден өткен, жасы 18-ден жоғары балуандар қатысты. Ең жас балуан Мұнайлы ауданынан келген, 18 жастағы Дүйсенбек Жолдиев болатын. Жалпы бұл жобаның мақсаты-төл спортымыздың өрісін кеңейту, ұлттық дәстүрді жаңғырту арқылы өскелең ұрпақтың бойында отансүйгіштік қасиетті қалыптастыру,-дейді Маңғыстау облыстық қазақ күресі федерациясының бас хатшысы Жамбыл Бисенқұлов.

Шын мықтыға тұсау жоқ екенін бұл жолы ақтаулық балуан Нұрдәулет Жарылғапов тағы да дәлелдеді. 20 жасар балуан осымен екі мәрте «Маңғыстау барысы» атанып отыр. Қазақ күресінен спорт шебері, республикалық «Жас барыс» турнирінің екі дүркін жүлдегері атанған Нұрдәулет Жарылғаповты жарысқа белгілі бапкер Қайрат Бұрбасов дайындаған. Сондай-ақ, екінші орынды мұнайшылар қаласы Жаңаөзеннен келген балуан Ербол Игілік иеленсе, үшінші орынға шетпелік балуан Ғайса Қалмұханов тұрақтады. Айта кету керек, «Қазақстан барысы» атанған балуан 150 мың доллар көлеміндегі сыйлық пен чемпиондық белбеуге, алтын тайтұяққа ие болады.

Венера МИРЛАН

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз