Медальдар саны былтырғы көрсеткіштен 200-ге артық. Бұл жөнінде Маңғыстау облыстық спорт басқармасының басшысы Нұрбек Қарабалаев мәлімдеді. Бүгін басқарма мен облыс әкімдігі жыл бойы белсенділік танытқан спортшылар мен олардың жаттықтырушыларын, спорт саласына үлес қосқан тұлғаларды марапаттап, жылға қорытынды жасады.

Биыл Маңғыстауда 524 бұқаралық спорттық іс-шара өткен, 60-ы республикалық және халықаралық деңгейде. Оларға елімізден және шетелден 14 мыңға жуық спортшы қатысты.

«Тарихи сәттер болды. Оның ішінде бокстан Қазақстан чемпионаты, джиу-джитсудан Азия, каратэден әлем чемпионаты алғаш рет өтті. Төрт жылда бір рет өтетін Халық ойындары олимпиадасы да біздің өңірде алғаш рет өтіп, оған 2300-ден астам спортшы қатысты. Биыл облыста 7 спорт кешені пайдалануға берілді. Елбасы өз жолдауында елімізде 100 спорт кешенін салу жөнінде айтқан болатын. Соған сәйкес облыс әкімдігінің қолдауымен инвесторлар тартылып, облыста 11 спорт кешенінің құрылысы басталып кетті», — деді спорт басқармасының басшысы Нұрбек Қарабалаев.

Яғни алдағы жылы 11 спорттық нысан пайдалануға берілмек. Ақтау қаласында «Бокс орталығы» спорт кешені салынып жатыр. 17 мың шаршы метрлік орталықта заманауи спорт кешені мен спортшыларға қолайлы 9 қабатты 99 орындық зәулім қонақ үй қамтылмақ. Мұнда таэквондо, бокс, дзюдо, күрес, ауыр атлетика спорт түрлері орналасады. Сондай-ақ Бейнеу ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешені, Мұнайлы ауданы Бесшоқы ауылындағы спорт кешені және Қарақия ауданы Сенек ауылындағы спорт залы бой көтеруде.

Ақтау қаласының 1 ш/а теңіз жағалауында, 33 ш/а «Маңғыстау Арена» спорт кешенінің жанында, 32 ш/а 18-19 үй ауласында және Маңғыстау ауданы Жыңғылды ауылының Е.Айшуақұлы атындағы орта мектеп жанында барлығы 4 ашық спорт алаңы салынды.

Сонымен қатар Маңғыстаудан биыл 8 – халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 60 – спорт шебері және 400-ден астам спорт шеберіне үміткер шыққан.

Шара барысында Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов жылдың үздік спорт саласы өкілдеріне арнайы марапаттарын табыстады. Маңғыстау облысының спорт саласы үздіктерімен таныс болыңыздар:

«Олимпиадалық үміт» — Байтөреев Еркінбек;

«Спорт саласында үздік аудан» — Бейнеу ауданы;

«Үздік жас спортшы» — Жанбуршиева Жансая;

«Жыл жетістігі» — Нарбаев Бауыржан;

«Спорт саласында үздік команда» — «Маңғыстау бокс құрама командасы;

«Үздік жаттықтырушы» — Волобуев Сергей ;

«Үздік федерация» — Маңғыстау облысының Каратэ-до федерациясы;

«Ерлер арасында үздік спортшы» — Жұбатқан Сұңғат;

«Нәтижелі спортшы» — Захарова Сабина;

«Үздік спорт мекемесі» — «Жас батыр» спорт мектебі;

«Үздік спорт жанашыры» — Мұңалбаев Сұңғат;

«Үздік спортшы жауынгер» — Өтепов Құдайберген;

«Үздік спорт тілшісі» — Мирлан Венера;

«Ұлттық спорт үздігі» — Жарылғапов Нұрдаулет;

«Әйелдер арасында үздік спортшы»Тұрдан Ақниет;

«Жыл спортшысы» — Нортаев Дархан;

«Бұл жыл мен үшін өте сәтті өтті. Себебі көптеген республикалық және халықаралық сайысқа қатысып, жүлделі орындарға ие болдым. Ең бастысы – Индонезияда өткен Азия ойындарының алтын жүлдесі. Оның алдында тынымсыз жаттығу жасап, дайындығымды пысықтадым. Ақпан айында қайтадан жаттығу жұмысатыры басталады. Thailand Open, London Open, Astana Grand slam одан соң Моңғолияда Азия чемпионаты өтеді. 2019 жылғы әлем чемпионатын ұтуды мақсат етіп қойдым. Ол үшін 2-3 ай Америкаға барып жаттығуды жоспарлап отырмын. Облыс әкіміне, облыстық спорт басқармасына қолдаулары үшін үлкен алғысымды білдіремін», — дейді джиу-джитсудан әлем және Азия ойындарының чемпионы Дархан Нортаев.

Өлке спорты мен спортшылары үшін жыл жақсы қорытындыланды. Алдағы жылы айтулы бәсекелер мен медаль үшін талас тартысты өтпек. Себебі 2019 жылы Токио Олимпиадасына іріктеу сындары басталады. Көптеген қыз-жігіттеріміз Олимпиадаға қатысу үшін әлемдік деңгейдегі жолдамалар сарапқа салынатын халықаралық додаларда бақтарын сынамақ.

Теңге БЕКМҰРЗАЕВА

Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз