©
Жаңа жыл мерекесі шебірліктерге ерекше жаңалығымен енді. Мереке қарсаңында Шебір ауылында төрт бірдей отбасы жаңа пәтердің кілтін алып, қоныс тойын тойлады. Бұл үйлер бюджеттік мекеме қызметкерлері, кезекте тұрғандар мен көпбалалы отбасыларға берілді, атап айтсақ, Шебір ауылы әкімшілігінің бас маманы Лаура Рыспаева, 2 топ мүгедегі Меке Еңсегенов, ауыл учаскелік полиция қызметкері Жолдас Жылқыбеков, спортшы, жаттықтырушы, талай жарыстарда ауыл абыройын асқақтатып жүрген Айсерік Сейілхановқа тапсырылды. Көптен көрген ұлы тойды көппен бірге тойлаған бұл отбасыларға аудан әкімі Ж.Айтуаров құттықтау тілегін жеткізіп, өз атынан сыйлық табыстауды да ұмыт қалдырмады.
Мереке қарсаңында қуанышы еселеп, қоныс тойын тойлап жатқан Л.Рыспаеваның отбасы көпке дастархан жайып, дәм ұсынды. «Мемлекет басшысы мен аудан әкіміне көптеген отбасына тұрғын үй мәселесін шешуге көмектескендері үшін алғыс айтамыз. Барлығыңыздың еңбектеріңізге табыс, отбасыларыңызға бақыт тілеймін. Жаңа баспаналы болуды армандаған барша отбасы көп ұзамай қоныс тойын тойласын!» - деді Лаура.
Өз тілшіміз