Мамырдың 5-і күні Кеңестер Одағының «Денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Еңбек ардагері», ұлағатты ұстаз Ғарипулла Қайсағалиевтің туғанына 80 жыл, дүниеден озғанына 10 жыл толуына орай еске алу кеші өтті.
Маңғыстау облыстық медицина колледжінің Ғарипулла Қайсағалиев атындағы тарихи мұражайына саяхат жасаудан басталған шара "Оқушылар" шығармашылық үйінің акт залында ұйымдастырылған еске алу кешіне ұласты. Аталған шараға марқұмның жары, ағайын-туғандары мен үзеңгілес достары, замандастары, әріптестері және медициналық колледж студенттері қатысты.
Кеш басы журналист Қожахмет Демеубергенұлы дайындаған Ғарипулла Қайсағалиев туралы деректі фильмнің көрсетілімінен бастау алып, Жаңаөзен қаласы денсаулық сақтау басқармасының «Маңғыстау облыстық медицина колледжі» шаруашылық мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын директоры Төлебек Тұрарбекұлының құттықтау сөзімен жалғасты.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Ақтауда 78 отбасыға пәтер кілті табысталды- Абзал азаматты еске алу шарасы жары Қалампыр Шапхатқызының бастамасымен, қалалық әкімдіктің қолдауы негізінде, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы және Жаңаөзен қаласының 50 жылдығы аясында қала деңгейінде ұйымдастырылып жатыр. Бұл кештің өтуіне мұрындық болған жандарға ризашылығымды білдіремін. Мен өзім Ғарипулла ағаммен 1979 жылы Ақтау қаласында Гурьев облыстық медицина училищесінің филиалы ашылып, қабылдау комиссиясына жауапты хатшы болып келген кезінде таныстым. Адамды жатырқамайтын, үлкенді-кішілі демейтін азамат екен, сөзіміз бірден жарасып, ағалы-інілі болып кеттік. Кейін жұмыс барысында кездесулерде, дастархан басында ұшырасып, бір ұжымда қызметтес болдық. Медицина мамандарын даярлау ісінде біліктілігімен ерекшеленетін, үнемі алдыңғы орынға денсаулық пен жұмысты қоятын, - деді Т.Төребекұлы ағасымен танысқан, қызметтес болған жылдарын жылы еске алып.
Колледж басшысының сөзінен кейін жары Қалампырға қала әкімінің орынбасары Сәнім Танаева атынан Алғыс хат тапсырылып, марқұмға арналған жырлар мен медицина саласының майталманы бола тұра, өнерден де құр алақан емес Ғарипулланың орындауындағы әндер орындалды. Ғ.Қайсағалиұлын көзкөрген азаматтар жүрекжарды естеліктерін жеткізіп, оның ерекше азаматтық қасиеттерін әңгімеледі. Қаламыздағы медицина саласының дамуына өзіндік үлесі бар, осы сала мамандарын даярлауда бар білімі мен өмірін арнаған, сіңірген еңбегін айта келе, жауапкершілік, ұйымдастырушылық қасиеттерін тебіреніспен жеткізді. Сондай-ақ Ғарипулла Қайсағалиевтің өмірі мен еңбегінен сыр шертетін жаңа басылымның тұсауы кесіліп, өзі болмағанмен сөзі, хаты кітап болып қолға тиді.
Ғарипулла Қайсағалиұлы 1938 жылы 5 мамырда Гурьевте (қазіргі Атырау облысы) дүниеге келген. 1956 жылы мектепті аяқтап, 1965 жылы Гурьев медицина училищесін бітіріп, сол оқу орнында оқытушылыққа қалдырылады. 1973 жылы Гурьев мемлекеттік педагогикалық институтын бітіріп, медициналық училищесінде еңбек жолын жалғастырады. Мұнайлы қалаға 1985 жылы жолдамамен жіберіліп, Жаңаөзен қаласындағы медициналық училищесіне жұмысқа орналасады. 1991-1992 жылдары училище директорының міндетін атқарып, 1992 жылдан өмірінің соңына дейін колледжде жұмыс жасайды. Артында жары Қалампыр, балалары Шахиолла, Шахриза қалды.
Осылайша, қырық жылдан астам өмірін медицина мамандарын даярлауға жұмсап, ұстаздық, басқарушылық секілді әртүрлі қызметтерді атқарып, қаншама жастың өз мамандығының білгірі атануына мүмкіндік жасаған, көптің мәңгілік жүрегіне орныққан ұлағатты ұстаз Ғарипулла Қайсағалиевтің жасаған жұмысы мен қалдырған ізі ұмытылмақ емес.
«Бірге жүрген көз көрген талайың бар, Басыпты біразының самайын қар, Ғарекеңді бәріміз еске алайық Дос, әріптес, замандас, ағайындар», - деп басталған кеш марқұмның өлмес өмірінің жалғасындай болып, қатысқандардың көңіл төрінен өлгені тірілгендей, өшкеніміз жанғандай, жұбымыз табылғандай орын алды.
Еске алу шарасы марқұмның әруағына арналған ас садақада жалғасты.
Жанайым ЖАРЫЛҚАП