©
Бала жастан дәрігерлік мамандығын таңдап, мемлекеттің ең басты байлығы – тұрғындардың денсаулығын сақтау және жақсарту саласында ұзақ жылдардан бері тер төгіп келе жатқан маңғыстаулық медицина қызметкерлердің қатарында Светлана Аугумбаева да бар. 1965 жылы Атырау облысы, Құлсары қаласында дүниеге келген Светлана кішкенесінен ақ халат киіп, адамдардың денсаулығын қадағалап, тән дертіне шипа іздеуші болуды армандаған. Бала Светланаға дәрігерлер – әлемдегі ең мейірімді де маңызды мамандық иелері болып көрінетін. Науқас адамдарға қөмек беріп, тәндерін сыздатқан сырқаттарына ем жасауды алдына мақсат етіп қойған ол 1986 жылы Гурьев қаласындағы медучилищеге түседі.
- Кішкентай кезімде үлкендердің сырқаттанып қалғанын көргенде қатты қиналатын едім. Жандарына жалау болып, көмектескім келе беретін. Өсе келе, өзімнің медицина қызметкері болғым келетінін түсіндім. Арманға қол жеткізу әрине, оңай емес. Бірақ, білім мен еңбек арқылы өмірде армандарға жетуге болады, - дейді Маңғыстау облыстық ауруханасының ангиолаборатория бөлімінің мейірбикесі Светлана Аугумбаева.
Оқу орнын жоғары үлгеріммен тәмамдаған жас медбике жолдамамен кәрі Каспийдің жағасына жайғасқан Маңғыстау облысына келеді. Кеудесі жалынға, жанары жігерге, тұла бойы күшке толы Светлана Жаулыбайқызының еңбек жолы Маңғыстаудың ең басты медицина орталығы-облыстық ауруханада басталады. Жас маман аурухана қабырғасында өмір мен өлім арасында шарасыз күй кешкен сырқат жандарды кезіктіріп, талай рет олардың ауруларына шипа табу үшін күреске түседі. Мұндай көңілсіз сәттер жас мейірбикенің кәсіби қабілетін шыңдап, шеберлігін арттырады.
- Мейірбике - менің сүйікті мамандығым. Қиындығы көп, жауапкершілігі жоғары. Аурухананың әр түрлі бөлімшелерінде 1986-1988 жылдары кардиология, 1988-2004 жылдары ота, 2004-2011 жылдары ревматология бөлімінде қызмет атқардым, - дейді Светлана Аугумбаева.
Жоғары санатты медбике Светлана Жаулыбайқызы 2011 жылдан бері Маңғыстау облыстық ауруханасының ангиолаборатория бөлімінде рентгенолаборант қызмет етіп келеді. Ұзақ жылдарғы еңбегі еленіп, 2014 жылы Астана қаласында өткен республикалық «Үздік маман» байқауында жүлделі орынға ие болады. 2016 жылдан бері емдеу орнындағы кәсіподақтың мүшесі. Светлана Аугумбаева негізгі қызметтен бос уақытында қоғамдық шараларға белсене араласады. Кәсіподақ мүшесі ретінде көпшілік шараларға атсалысып, көптеген бастамаларға ұйытқы болып жүр. Бала арманына жылдар тізбегінде зор еңбегімен, адал қызметімен жеткен Светлана Жаулыбайқызы еліміздің медицина саласында бүгінде оң өзгерістер мен жаңашыл реформалардың жүзеге асырылып жатқанына қуанады. Дегенмен, өңірімізде оң шешімін табуын күткен мәселелер де жетерлік.
Анар ШАМШАДИНОВА,
ҚР Журналистер Одағының мүшесі