«Өзенмұнайгаз» акционерлік қоғамы Жас мамандар кеңесінің ұйымдастыруымен «Бабалар жүрген ізбенен» атты 2 күнге созылған танымдық экспедициясы әрбір жас маманның көкірегіне патриоттық рухын септі деп толық сеніммен айта аламыз.
Экспедициясы құрамы 45 жас маман мен БАҚ өкілдерінен құралған болатын. Топ өздерінің сапарын Айрақты, Шерқала тауларынан бастады. Содан соң жылжи отырып, Самал шатқалында жыл он екі ай бойы тоқтамай ағып жататын балдай дәмді бұлақтан сімірді. Шатқалда өсіп тұрған долана, тікенді бұта, қамыс көптеген дәрілік өсімдіктермен танысты. Ақмыш бағын тамашалаған туристер осы маңайда ат шалдыртып, түскі тамақ ішіп, тыңайып алды. Шіркін, таза ауада ішілген тамақтың жөні бір басқа екен. Тәбет ашылып, кәдімгідей қомағайланып кеткен жастар жігіттер қуырған қуырдақ пен қыздар әзірлеген жан жадыратар шай ішті.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Уәлихан «Адай» төртінші мәрте жеңіске жеттіЖас мамандар құрамындағы өнерпаз әнші Ерлан Жұматов гитарамен ән салып, топтың көңілін көтеріп отырды. 10-16 ғасырға тән Кенті баба қорымындағы қойтастарды көрген жастар басын шайқап, таңдайын қақты.
Экспедицияның гиді Құралай Шақпақ Ата, Сұлтан үпі жерасты мешіттерінің саналы адам баласын даналыққа жетелейтіндігін, бабалар салған қылует нәпсіге ереміз деп өміріміздің мәнін жоғалтып алғанымызды есімізге түсіретіндігін айтады.
Қазақтың «көп ұйықтасаң - түс көресің, көп жүрсең - іс көресің» дегені рас екен. Өзенмұнайгаздықтар бабалары жүрген ізбенен жүріп, шексіз кең аспан, шетсіз жер арасында жел айдаған қаңбақтай қай сайдан шығып, қай сайда қалары белгісіз баянсыз тірлікте, адамның адамға деген кәусар махаббатынан өзге ұлы сезім болмайтынын, одан өткен, одан зор тірлікте байлық болмайтынын ұғынғандай болды.
Жас мамандар кеңесі төрағасы Бауыржан Бәйімбетов «Туған жердің әр түйір топырағынан қасиет іздеу, әр тал шөбіне үңіле білу азаматқа лайық іс. Жеті жұрт келіп, жеті жұрт кеткен жер киелі Маңғыстауда туып, Маңғыстауда дүниеден озған адамның арманы бар ма екен?! Табиғаттан әсерлене білетін адам үшін түз сапары үлкен ғанибет екен», - дейді.
Екі күнге созылған экспедициядан жас мамандар керемет әсер алып, ойланып қайтты. Рухани байып, нұрланып қайтты.
Бибігүл БӨБЕКБАЙ