Жеңіс! Осынау жалғыз ауыз сөзде қаншама терең мағына жатыр. Кез келген істің, қандай күрестің де басты мақсаты жеңіске жету болғанымен, кешегі Ұлы Отан соғысындағы үлкен Жеңістің орны айрықша бөлек.
Жеңіс күні бәріміз үшін айрықша қымбат, қасиетті мереке. Бұл күн тек сол соғыста жеңіске жеткенімізді атап өтетін күн ғана емес, ол сол соғыста Жеңісті жақындату үшін жан аямай шайқасып, қан майданнан оралмай, еліміздің берік қорғанындай болып қалған арыстарымызды еске алатын күн. Ауданымыздағы Жеңіс күніне арналған шара – «Ер есімі – ел есінде» боздақтарды еске түсіріп, Ұлы Отан соғысынан оралмаған ардагерлер рухына бас июден басталды.
Аудан әкімі Т.Асауов пен аудандық мәслихат хатшысы А.Досанова бастап, тыл ардагерлері, интернационалист жауынгерлер, аудандық қорғаныс бөлімі, мемлекеттік қызметкерлер мен ауыл әкімдері қалалық саябақтағы монумент маңына гүл шоқтарын қойды. Бейбіт күн үшін, Отанының амандығы үшін жанын қиған ата-бабаларымызды бір минут еске алып, олар аманаттаған бейбіт болашақтың қадірін сезіне түстік. - Бұл соғыстың қасіретін, сол кездерде көріп өскен аталарымыз бен аналарымыз тәуелсіз Қазақстанның бірден-бір іргетасын қалауға сіздердің де септіктеріңіз тиді деп есептейміз, барлықтарыңыздың жанұяларыңызға тек жақсылық тілейміз. Мұндай қайғы-қасіреттің бетін Аллатағала аулақ қылсын. Еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын, - деді аудан басшысы Т.Тыйылұлы.
- Бұл мерекені біздер көреміз деп ойлаған жоқпыз, 1927 жылы туылып, 1943 жылы 16 жасымда кеме жөндейтін зауытта жұмыс істедім. 5 кластық біліммен 600 грамм нан аламын деп жұмыс жасадым. Жанұяға 300 грамм, жұмысшыға 600 грамм нан беретін. Ол кездегі көрген күнімізді ешкімге бермегей, аяғымызға, үстімізге киетін киіміз жоқ, аяққа күртешенің жеңін кесіп, табанына тақтай тіктіріп алып сонымен де жұмыс істедік. Қайықтардың бәрін тезірек жөндейміз деп жанталасып, 8 сағаттың орнына 12 сағаттап та жұмыс істеген уақыттарымыз болды. Аллатағаланың бұйрығымен бүгінде 91 жасқа келіп отырмын, ол күндерді ешкімге тілемеймін. Қалған жерде осындай мерекемен, осындай байлықпен, осындай ұрпақпенен өмір сүре берейік! - деді тыл ардагері Құдайбергенов Түменбай ақсақал.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: «Малдың терісі мен жүнін өткізуді де күн тәртібінен түсірмей келеміз»Туған елдің тәуелсіздігі мен бостандығы үшін жанын қиған боздақтарымызды мәңгі есте сақтаймыз! Отан үшін отқа түсіп, қан майданнан аман оралған қандастарымыздың алдында бас иеміз! Еске алу шарасының соңында ата-баба рухына арнап құран бағышталды.
Дала асханасынан дәм
«Аштықта жеген құйқаның дәмі кетпес» деп аталарымыз айтпақшы, жылдағы дәстүр бойынша мереке күні солдат ботқасы дайындалады. Өткен күнге оралып, бүгінгі күнге шүкірмен қарап, ардагерлер өзара естеліктерімен бөлісті.
Музей ішінен және далаға жайылған ақ дастархан басында тыл ардагерлері мен аудан тұрғындары сол кездегідей етіп жасалған жауынгерлер солдат асханасынан дәм татты. Бұл күні аудан тұрғындарына арнап 5-6 қазан солдат ботқасы пісірілген.
Жадыра ЖОЛДАСОВА