©
«Қазпошта» АҚ Маңғыстау облыстық филиалының құрамында Ақтау, Жаңаөзен қалалары, Бейнеу, Қарақия, Маңғыстау, Мұнайлы және Түпқараған аудандарындағы пошталық байланыс бөлімшелерін қамтып отыр. Қазіргі таңда барлығы 72-ден астам пошта байланыс бөлімшелері жұмыс істейді. Олардың басым бөлігі шалғай ауыл-аймақтарда орналасқан. Қазіргі таңда ауыл тұрғындарына қолжетімді сапалы қызмет түрлерімен қамтамасыз ету жолында пошта байланыс бөлімшелерінің 100 %-ы автоматтандырылды.
«Қазпошта» АҚ еліміз бойынша кеңселерді жетілдіру, барлық инфрақұрылымды жаңғырту және бизнес-процестерді қайта қарау бойынша үлкен жұмыстар атқаруда. Бұл бағдарлама аясында Ақтау, Жаңаөзен қалалары мен Бейнеу ауданындағы орталық операциялық учаскелері күрделі жөндеуден өтті. Жаңа заманауи талаптарға сәйкес өз клиенттеріне пошталық/қаржылық/агенттік қызметтер түрлерін ұсынып отыр.
Бұл бөлімшелер бірнеше залдарға бөлінген: пошталық және қаржылық қызметтер бойынша жеке тұлғаларға арналған операциялық залдар, корпоративтік клиенттерге қызмет көрсету орны, сәлемдемелер супермаркеті, өзіне-өзі қызмет көрсету орны және айырбастау пункті. Осындай игі істердің арқасында сәлемдемелерді қабылдау және жөнелту уақыты 2-3 минутқа дейін қысқарды, ал супермаркеттер арқылы берілетін сәлемдемелер саны екі есеге артты. Пошта қызметтерін жаңғырту шеңберінде Мұнайлы ауданы, Атамекен ауылындағы Қазпошта жаңа форматты, үздік технологиялармен жабдықталған мобильді пошта байланыс бөлімшесін іске қосты.
Сонымен қоса 2016-2017 жылдар аралығында облыс бойынша 3 сәлемдемелер супермаркеті халық игілігіне берілді. Облысымыздағы пошта саласын дамытып, халыққа қызмет көрсету деңгейін арттыру мақсатында осы жылы ьірнеше пошта бөлімшелері ашылды.
Ақтау халықаралық теңіз сауда портында тәулік бойы жұмыс істейтін пошта байланыс пункті ашылды. Пошта пунктінің ашылуы импорттаушы, экспорттаушы, транзитшілерге ақша аударымы, валюта айырбастау, төлемдер қабылдау, хаттарды жіберу секілді қаржылық және пошталық қызметтерді көрсету бойынша маңызды мемлекеттік міндеттің шешімін табуға мүмкіндік беріп отыр.
– Алдағы уақытта облысымызда Құрық портында, Тажен, Темір баба ауылдарынан шекаралық өткелдер ашу жоспарымызда бар. Біздің мақсатымыз шалғайдағы ауыл – аймақтарды қаламен біріктіре отырып, халыққа сапалы қызмет көрсету. Қызметті жетілдіру және халыққа қызмет көрсетудің ыңғайлылығы үшін баламалы жеткізу қызметі ретінде интернет-дүкендерден және каталогтардан тапсырыстарды және тауарларды тарату үшін почтаматтар іске қосылды. Ең бастысы почтаматтардың жұмыс уақыты өте ыңғайлы. Клиенттерге пошта байланыс бөлімшелеріне барып, кезекті күтудің қажеті жоқ. Қазіргі таңда Ақтау қаласында 5 почтамат, Жаңаөзен қаласында 1 почтамат жұмыс істеп тұр. Жыл сайын жаңа автокөліктердің көлік паркі жаңартылып отыр. Бұл біздің аймағымыздағы пошта жөнелтілімдері мен мерзімді басылымдарды жеткізу уақытын едәуір қысқартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар пошташылардың жұмысын жеңілдету мақсатында барлық пошташылар смартфондармен қамтамасыз етілді. Аталған қызметтердің ауыл тұрғындарына қолжетімді болуы үшін аудандар орталықтары мен ауылдарда пошта байланысы бөлімшелерін дамыту мен ашу жұмыстары жүргізілуде, – деді «Қазпошта» АҚ облыстық филиалының директоры Шыңғыс Тұрлыбеков.
Ауылдарда бюджеттік мекеме қызметкерлері жалақыларын алу үшін 100-150 шақырымда орналасқан аудан орталықтарына барып, қатынайды. Осыған орай «Қазпошта» АҚ-ның қолдауымен, ауыл аймақтарды банкоматтармен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Аталған акционерлік қоғамның бастамасымен бюджеттік мекеме қызметкерлеріне «Жалақы төлеу жобасы» ұсынылды. «Жалақы төлеу жобасының» артықшылығы – бюджеттік мекеме қызметкерлері «Қазпошта» АҚ – ның пошта бөлімшелері арқылы халықаралық төлем карточкаларын рәсімдеп, еңбекақыларын алуға мол мүмкіндік береді. Облыс бойынша 16 банкомат бар, соның ішінде 7-еуі аудан орталықтарында және 6 банкомат қала тұрғындарына қызмет көрсетуде.
Қазіргі уақытта, «Қазпошта» АҚ шығаратын «Visa» халықаралық төлем карточкілерін қолданылатын тұтынушылар саны күннен күнге артып келеді. Тұтынушылар үшін 1,5% кэшбэкпен АliExpress – пен бірлесе төлем карталарын ұсынылды. Енді тұтынушылар сәлемдемелерін 1 ай күтпей, 18-25 күн ішінде ала алады.
«Қазпошта» АҚ барлық бағыттар бойынша теміржол және әуе билеттерін Қазпошта бөлімшелерінен сатып алуға мүмкіндік жасап отыр. Қазіргі таңда шалғайда орналасқан ауыл тұрғындары кез келген уақытта аудан орталығына қатынамай теміржол және әуе билеттерін сатып ала алады.
Ауыл тұрғындарының қаржылық қызметтердің ішінде зейнетақы, әлеуметтік жәрдемақы мен еңбекақы төлемдері бойынша қызметтерді қолдану деңгейі басым болғандықтан, тұтынушыларға оңай болуы үшін POST-терминал құрылғылары орнатылып, облыс деңгейінде қамту үлесі 87% көрсеткішті құрап отыр.
– Сонымен қатар пошта байланыс бөлімшелері арқылы жедел ақша аударымдарын әлем елдері мен Қазақстанның кез келген аймағына жылдам және сенімді түрде жіберуге болады. Айтатын кететін басты жаңалықтарымыздың бірі – республика азаматтары берешек төлеуге және елімізден тысқары шығуға шектеуді алып тастауға мүмкіндік беретін Қазпошта терминалдары бүгін Астана, Алматы, Шымкент және Қарағанды қалалары әуежайларында жұмыс бастады. Терминал Ақтау қаласының әуежайында да іске қосылды. Терминал арқылы жеке, заңды тұлғалардың пайдасына және мемлекеттің кірісіне (айыппұлдар, мемлекеттік баж салығы, өсім және т.б.) өндіріп алу бойынша берешектерді төлеуге болады, – деді «Қазпошта» АҚ облыстық филиалының директоры Шыңғыс Тұрлыбеков.
Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ