Бүгінде Шетпе станциясындағы ерекшеліктің бірі темір жолмен жергілікті жерге тән өнімдердің тасымалдануы болып отыр. Станция орналасқан ауданның георгафиялық орны мен геологиялық құрылымы мұның айқын дәлелі. Аумақта жер бедеріне байланысты тарихы тереңде жатқан өндірілуі жеңіл құрылыс материалдарының мол қоры шоғырланған. Сол мүмкіндіктердің пайдаланылуы бірнеше саланың дамуына да сеп беруде. Теміржолда да жұмыс қыза түскен.
Шетпеден өткен ғасырдан бері қолданылып келе жатқан тас карьерларының, бірнеше жыл бұрын Мемлекет басшысының өзі тікелей телекөпірде іске қосқан жылына 1 млн тонна цемент шығаруға қауқарлы "Каспий Цемент" зауытының өнімдері жан-жаққа жіберілетіні белгілі. Өндірушілердің ісі алға басып, тауарға сырттан қажеттілік артқан сайын арзан әрі сенімді жеткізуші - темір жол көлігіне де сұраныс жоғары. Мәселен былтыр 11 айда станцияның өзінен осы бағыттағы құрылыс материалдары тиелген 14 мың 811 жүк вагоны жөнелтілсе, осы жылы одан 4915-ке көбейіп, 19 мың 726-ға жеткен. Олар негізінен облыс іші және еліміздің түрлі өңірлері мен жақын көрші елдерге тасымалдануда. Соның ішінде 6381-і "КаспийЦементтің" жүгі жүктелген, 1500-і Құрық портының құрылысына қолданылған көлемді тастар тиелген вагондар екен. Қалғаны түрлі қиыршық, шебін тастар жүктелген "жүк арбалар". Сонымен жалпы жыл басынан бері 11 айда станциядан өткен жүк вагондар саны - 122 мың 779 болыпты. Сондай-ақ жолаушылар вагонының саны да былтырғы 31 мың 431-ден 36 мың 895-ке жеткен. Яғни, 2016 жылғы салыстырмалы мерзімдегі көрсеткіштен едәуір артық. Бұл вагондардың барлығы да Шетпе вагондарға қызмет көрсету пунктінің вагон қараушыларының бақылауынан өткен. Аталған жұмыстар қалай ұйымдастырылуда, оған қанша адам бекітілген, мұны Шетпе вагондарға қызмет көрсету пунктінің басшысы Әлібек Шарқатбаев айтып берген еді.
- Шетпеден жөнелтілетін жүк вагондарының 11 айдың өзінде 20 мыңға жуықтауы - жақсы нәтиже әрине. Біздің мақсат жүктерін темір жолмен тасымалдаушылардың сол сенімін ақтап, өзге де вагондарды дер кезінде кідіртпей қарап, жолға жіберу. Жүктің діттеген жеріне уақытылы жетуі, вагондардың ақаумен жолда қалмауы үшін қырағылықпен жұмыстану. Осындай жұмыстар барысында жыл басынан бері 5 ақау табылды. Оларды уақытында ағытып, жөндеп, қайта жұмысқа қостық. Тұйықта 50 вагон жөндеуден өтті. 2726 жүк пойызының вагон тежегіштерін жазықтық режимге салу бойынша қызмет көрсетілді. Бұл жұмыс негізі таулы, жазықты жерлердің вагон қараушыларына қатысты болып келеді. Тежегіштер Сайөтестен бері қарай таулы тәртіппен жұмыс жасайды. Біз оны өзгертіп, жазықта жүруге ыңғайлап жолға жібереміз. Мұнда аялдаған пойыздардың толық дайындығы 50 минуттың ішінде беріледі. Вагон қараушылар әр кезекке 5 адамнан шығады. Қытайлық контейнерлер келген кезі оның санын 10 адамға дейін көбейтеміз. Ол вагондрды 20 минутта толық қарап, жібереміз. Қазір Шетпенің басында 25 вагон қараушымыз, №12,15 бекеттерде 4-4-тен жұмысшымыз бар. Сондай-ақ бізге пойыздардың қандай "аурумен" келе жатқанын жазып, хабарлап тұратын "КТСМ-02" құрылғысының да көмегі көп. Аппарат 5 жыл бұрын жаңартылған, бұрыңғысынан көп функциялы түріне ауыстырыған еді. Жұмыстың тиімділігін арттыруға оның да пайдасы орасан. Соның арқасында Сайөтестен Шетпеге дейін тежегіші қызып келе жатқан 3, Маңғыстау станциясы жағынан 4 дерек анықталып, қажет шарасы дер кезі алынды, - дейді Ә. Шарқатбаев.
Шахида ЖҰМАН