Жаңаөзенде Тәуелсіздік мерекесіне орай әлеуметтік нысандар ашылып, оған облыс әкімінің орынбасары Мақсат Сқақов қатысты.
Алдымен «Арай» шағынауданындағы жаңадан бой көтерген «Арай» балабақшасына барып, салтанатты түрде лентасын қиды. Балабақша 100 балаға арналған. Іші әсем ғимараттың құрылысына 80 млн теңге жұмсалған. Балабақшада 4 топ бар, 2 топ қазақ тілінде, 2 топ орыс тілінде балаларға тәлім-тәрбие береді. Балабақшаның іші де, сырты да қазіргі заман талабына сай салынған. Балалар орысша, ағылшынша өлең оқып, келген басшыларды таң қалдырды. «Білімді ұрпақ тәрбиелеуге бар күш-жігерімізді саламыз», - дейді балабақша тәрбиешілері.
Мақсат Сқақов бастаған делегация Рахат ауылының орталық жолында жаңадан салынған «Диана» балабақшасының ашылу рәсіміне қатысты.
- Болашағымыз саналатын бүлдіршіндердің мектепке дейінгі білім алу мәселесі облыста оң шешімін тауып келеді. Бүгінде облысымызда «Балапан» бағдарламасын жүзеге асыру аясында 3-6 жастың арасындағы балалар- дың көпшілігі мектепке дейінгі тәрбие берумен қамтылған. Әлі де осы бағытта жұмыстанатын боламыз. Балабақша құтты мекенге айналсын, - деді аймақ басшысының орынбасары.
Балабақшаны ашып отырған қалаға белгілі психолог дәрігер Марал Болатбаева. 30 шақты қызметкерді жұмыспен қамтамасыз ететін балабақшада 5 топ жұмыс жасайды. 130 орындық бөбекжай барлық талапқа сай жасақталған. Екі қабатты ғимаратта балалардың алаңсыз күні бойы уақытын тиімді өткізуі үшін барлық жағдай жасалған. Бүгінде Рахат ауылының тұрғындар саны күннен-күнге өсіп келеді. Мемлекеттік балабақшаларға кезегі келмей күтіп отырған ата-аналар көп. Енді әрбір ата-ананың өз баласын мектепке дейінгі балалар мекемесіне, яғни «Диана» балабақшасына орналастыруға мүмкіндігі бар.
Мақсат Нұрлыбекұлы қаланың бұрынғы перзентханасы болған, бүгінде балалар ауруханасы болып өзгер-тілген ғимараттың күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты. Қалалық орталық аурухананың басшысы Мұрат Сарыев балалар ауруханасы жөнінде толық түсіндіріп өтті. Ғимараттың жөндеу жұмыстары көктем мезгілінде басталған болатын. Жөндеу жұмыстарын жүргізген «Алт-Құрылыс» ЖШС. Жұмсалған қаржы сомасы - 167 979 504 теңге. Әзірше жөндеу жұмыстары бітіп тұрғанмен, балалар ауруханасының ғимаратына қажетті медициналық құрал-жабдықтар орнатылмаған. Барлығы жаңа жылдан кейін қаралады деп жоспарлануда.
Гүлсім МҰРЫНОВА