Биыл Қазақстан мен Әзірбайжан Республикасы арасындағы ынтымақтастық қарым-қатынасқа - 25 жыл. Осыған орай Ақтауда екі ел өкілдерінің қатысуымен салтанатты шара өтті. Бұл туралы Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
- Қазақта «елдестірмек елшіден» деген сөз бар. Екі ел арасындағы достық қатынастың жоғарғы деңгейі бірінші кезекте мемлекет басшыларына тікелей байланысты. Бұл жағынан екі мемлекет арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас өз миссиясын толығымен атқарып отыр деуге болады. Маңғыстау облысы мен Әзірбайжан Республикасы арасындағы ішкі сауда айналымы 2017 жылдың қаңтар-қазан айлары бойынша 41,2 млн. АҚШ долларын құрады. Оның ішінде 26,1 млн. АҚШ доллары экспорт үлесіне, 15,1 млн. АҚШ доллары импортқа тиесілі. Бүгінде аймақтағы 52 мекемеде Әзірбайжандық компаниялардың үлесі бар, - деп атап өтті облыс әкімі Ералы Тоғжанов.
Қос мемлекет арасындағы ынтымақтастықтың маңызды аспектілерінің бірі - транзиттік әлеует. Әзірбайжан арқылы өтетін Кавказдық бағыт Қазақстанға Еуропалық нарыққа шығуға мүмкіндік береді. Ал Қазақстан Әзірбайжанға Орталық Азия мен Қытай нарығына шығуға жол ашады.
10 жылдан бері Бакуде жылына 350 мың тоннаға дейін ауыстырып тиеу қуаты бар және бір мезгілде 15 мың тонна астық сақтай алатын сыйымдылығы бар «Баку астық терминалы» ЖШҚ бірлескен кәсіпорны жұмыс жасап келеді. Әзірбайжанды жоғары сапалы астықпен қамтамасыз етумен қатар, кәсіпорында Қазақстандық астықты Кавказ және Қара теңіз өңірлерінің мемлекеттеріне, ЕО елдеріне экспорттайды.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі мәліметіне сүйенсек, Индустрияландыру картасы аясында Әзірбайжан компаниясы – «Азерсун Өндіріс және Логистика Орталығы» ЖШС-нің «Ақтау теңіз порты» АЭА-да азық-түлік тауарларын сақтау үшін ауданы 178,7 мың шаршы метр болатын қоймалық орынжайлар салу жобасы іске асты. Жобаның жалпы құны 1,4 млрд.теңгені құрайды.
Екі ел арасындағы ынтымақтастықтың маңызды тұсы Құрық және Алят теңіз порттары. Қазақстан Әзірбайжанға теміржол және трамвай локомотивінің жабдықтарын, қара металл, жанар-жағармай, құрылыс материалдарын экспорттайды. Импорттың негізгі бөлігін қант және кондитерлік өнімдер, қара металдан жасалған өнімдер, көкөніс пен дәндер, текстиль өнімдері мен электр құрал-жабдықтары құрайды.
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ