©
"2017 жылы Қазақстандағы автокөліктердің саны 61,5 мың данаға өскен, бірақ олардың басым бөлігі - ескі автокөліктер. Ал жаңа көліктердің сатылымы өспеген, қымбат көліктер ҚР тұрғындардың басым бөлігіне қолжетімсіз болып отыр", - деп жазды ranking.kz сайты.
Осы жылы зауыттан шыққанына 3 жыл болмаған көліктердің саны 28,9 мың данаға немесе 4,7% азайған. Ал, шыққанына 10 жылдан асқан көліктердің саны 88,2 мың данаға немесе 3,9%-ға артқан.
Осылайша республикадағы автопарктің негізгі бөлігі шыққанына 10 жыл болған ескі көліктер болып отыр, олардың үлесі биыл 59%-дан 60,3%-ға өскен.
Ranking.kz сайты мұндай өсімнің себептері бар деп есептейді.
"ҚР тұрғындарының сатып алу қабілеті осы жылдың қаңтар-қазан айларында өткен жылмен салысытырғанда 2,6%-ға төмендеді. Оған қоса, жанармайдың бағасы 19,1%-ға, ең көп қолданыстағы АИ-92 жанармайы 20,6%-ға қымбаттады", - делінген мақалада.
Сонымен қатар мақалада көліктерді сақтандыруға қатысты деректер көрсетілген. Осы жылы жүргізушілер азаматтық-құқықтық жауапкершілігін 41,6 млрд теңгеге сақтандырған. Бұл былтырғымен салыстырғанда 3%-ға көп. Биыл көлік иелері көлгін міндетті сақтандыру үшін орта есеппен 10,6 мың теңге төлеген. Бұл былтырғы шығынмен салыстырғанда 1,4%-ға артық.
Камшат ОҢҒАЛТАЙ