© көрнекі сурет
Түпқарағандық жігіт өсімдіктерді топырақсыз өсіруді қолға алмақ, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Форт-Шевченко қаласының 22 жастағы тұрғыны Ғазиз Ізтұрғанов «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына өз жобасын ұсынған.
Қуаңшылық жағдайында аудан жұртын арпа, бидай сынды мал азығына қажетті дақылдармен қамтимын деп шешкен жігіттің гидропоника тәсілімен өсімдіктерді топырақсыз өсіру жобасын комиссия мүшелері бірауыздан қолдап, грант беруге шешім қабылдады. Ғазиз өзі тұратын тұрғын үйдің ауласында гидропониканы дамытпақ. Ешқандай топырақсыз, арнайы сұйықтықтар арқылы өнім беретін бұл технологияның пайдасын Ғазиз бірнеше ай бойы зерттеген.
1 кг арпадан аптасына 6-7 кг өнім алуға болады, айына қанша өнім алуға болатынын есептеп көріңіз. Тек арпа емес, өнімді алып жатсақ, түрлі өсімдіктерді, тағамға қолданылатын түрлі шөптерді өсіріп көру мақсатым бар, - деген Ғазиз бүгінде қажетті заттарды сатып алып жатқанын айтты.
Бір қызығы, гидропониканы дамыту үшін арнайы көлемді жердің де қажеті жоқ, тек арнайы сөрелер керек. Оған қоса ауа жіберетін аппараттар, күнмен алмастыратын жарық шамдары және арнайы сұйықтықтар мен су қажет.
Ғазиз Үкіметтен алған қаржыға сөрелерге қажетті материалдар мен су тартуға қажетті трубалар алғанын айтты. Ендігі кезекте арнайы жұмыс орнын қалыптастырып алу ісі тұр. Осылайша аудан орталығында бірнеше айдың жүзінде гидропоника әдісі арқылы алынған дәнді дақылдар қолданылмақ.