Түпқараған ауданына қарасты Баутин ауылында спорт кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Бұл туралы Түпқараған ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі мәлім етті.
Спорт кешені «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында жергілікті бюджет қаражатына салынады. Сыйымдылығы 100 орынға шақталған спорт кешенінің құрылыс жұмысы сәуір айында басталды. Кешен 2022 жылдың І тоқсанында халық игілігіне беріледі.
«Баутин ауылы мен Аташ елдімекеніне ортақ спорт кешенін мердігер «Оңдасын Құрылыс» ЖШС қолға алды. Онда 10 спорт түрі бойынша үйірмелер жұмыс істейді. Дегенмен оның санын 20-ға жеткізу жоспарлануда. Үйірме қатарында футбол, волейбол, баскетбол, дзюдо, қазақша күрес, бокс, қол күресі, бес тас, асық ату, тоғызқұмалақ ойындары бар. Ауыл жастары тегін жаттыға алады. Бұл тұрғындар үшін үлкен қуаныш болары сөзсіз», деді Түпқараған аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Шолпан Нұрғалиева.