Кеше Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов шаруалардың қазіргі жағдайымен танысу үшін Түпқараған ауданына барды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Ақшұқыр, Сайын Шапағатов, Таушық ауылдары әкімдерінің ауыл шаруашылығы бағытында жасап жатқан жұмыстары және қыс мезгіліне дайындығы туралы есептерін тыңдады.
Ақшұқыр ауылының әкімі Еркебұлан Жәнібектің айтуынша, ауылда мал басын түгендеу үшін арнайы комиссия құрылып, барлық тіркелген шаруа қожалықтары мен жеке үй шаруашылығындағы мал саны нақтыланған. Нәтижесінде, 22 шаруа қожалығы және 203 жеке үй шаруашылығының құжаттары ауыл шаруашылық басқармасына тапсырылып, Үкімет қорынан бөлінген тиісті қаражаттары мал иелерінің есеп шоттарына аударылуда. Тіркелген малы бар тұрғындарға жеңілдетілген бағамен 4 047 түк, 179 орама (рулон) шөп және 47 тонна арпа сатылды. Басқа өңірлерден ауылға 9 вагон тегін шөп жеткізілді. Осы уақытқа дейін ауылға барлығы 868 тонна жем-шөп жеткізілді.
Сайын Шапағатов ауылдық округінің әкімі Сайран Қылыш бүгінде 10 шаруа қожалығы мен 274 жеке қожалық ауыл әкімдігінде тіркелген. Әзірге 3 шаруа қожалығы мен 104 жеке қожалықтың құжаттары облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына тапсырылып, жалпы сомасы 9 482 170 тг қайтарымсыз көмек ақша есеп шоттарына түсуде.
“Жыл басынан бері ауылға 994 тн шөп әкелінді, оның 49 тн тегін, 945 тн 900-1300 теңгеден, 250 тн жем халыққа сатылды”, - деді ауыл әкімі.
Ал, Таушық ауылы бойынша тіркелген мал басы 25 117. Оның ішінде жылқы – 3 640 бас, түйе – 3 040 бас, сиыр – 792 бас, қой, ешкі – 17 645 бас. Былтыр шілде айында Үкімет резервінен бір реттік аналық малға яғни жем-шөп алу үшін қаражат бөлінуіне байланысты ауыл бойынша 286 жеке үй шаруашылығы мен 26 шаруа қожалық нақтыланды. 26 шаруа қожалықтың 24-іне 21 299 091 тг көлемінде қаржылай көмек берілген.
Аймақ басшысы аудан және ауыл әкімдеріне қысқы мал азығы қорын жасақтауды және арнайы база дайындауды тапсырды.
“Сонымен қатар қай шаруа Үкіметтен қаражат алды, кімде шөп жоқ, осының барлығын анықтаңыздар, аз қамтылған отбасыларға көмектесуіміз керек. Ал мүмкіндігі бар адамдар шөбін алып, қысқа дайындалуы қажет”, - деді облыс әкімі С. Трұмов.