Түпқараған ауданының аумағында туризм саласын дамыту бағытында «Сығынды» жері №6 учаскеде «Port Royal» демалыс орны ашылады. Жобаны жеке кәсіпкер жүзеге асырады. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Түпқараған ауданының әкімі Айбек Қосуақов айтты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Оның айтуынша, құрылыс жұмыстары 3 кезеңнен тұрады. 1-кезеңде қонақ үйлер мен екі қабатты нысан салу жоспарланып отыр. 2-кезеңде 2022-2024 жылдары аталған демалыс орнында бассейн салу көзделіп отыр. Ал 3-кезең 2025 жылы іске асады. Бұл кезеңде аквапарк құрылысын бастау жоспарланған.
«Жобаның мақсаты – демалушыларды маусымдық мезгілден басқа уақытта да қабылдау. Балалар демалысын ұйымдастыру мүмкіндігі де қарастырылып отыр. Демалыс кешені бір мезетте 500 адамды қабылдай алады. Кешен аумағы аквапарк, бассейндер, мейрамхана, кафе, кинотеатр және балалар ойын алаңдарымен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар ауданда ішкі, сыртқы туризм дамып, жаңа жұмыс орындары құрылады. 60 адам тұрақты жұмыспен қамтылады деп жоспарланып отыр. Құрылыс 2025 жылы аяқталмақ», - деді Айбек Қосуақов.