© Сурет Маңғыстау облыстық Қоғамдық коммуникация орталығынан алынды
Түпқарағандық Милана Нұрсайынова Қазақстандағы «Resin Art» өнерін дамытушы суретшілердің бірі. Оның туындысы жуырда Ұлыбританиядағы Ланкастер қаласында өткен халықаралық көрмеге қойылды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Түпқараған ауданы әкімдігіне сілтеме жасап.
Милана Нұрсайынова қазір Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті «Өнер, мәдениет және спорт» факультетінің «Сән дизайны» мамандығы бойынша 4-курс оқып жүр. Ол екі жылдан бері эпоксидті шайыр арқылы сурет салады. Бүгінге дейін жас суретшінің Ұлыбритания мен Алматыда жеке көрмесі өтті. Онда 17 картина қойылған.
«Ланкастерде өткен виртуалды көрмеге «Сәулелі алтын құм» картинам қойылды. Мұнда көп адамның көзі жетіп, көңілі қабылдай бермейтін дүниелерді бұлыңғыр күйде көрсетуге тырыстым. Бұл жұмысыма грунт, текстуралық паста мен акрил пайдаландым. Суреттерімде айтар ойымды әртүрлі түсті қолдану арқылы астарлап жеткіземін. Өзге ұлт өкілдері өнерімді жоғары бағалап жатады. Мәселен бір картинамды әзірбайжан азаматы сатып алды. Қазір елімізге белгілі сәнгер Медина Сақтағановамен бірге жұмыс істеп жүрмін. Қазір тігін тігумен айналысып жүрмін. Тігіншілік өнері маған әжемнен берілген шығар деп ойлаймын. Ал сурет салу қабілеті әкемнен келгені анық», - деді Милана Нұрсайынова.