Қарақия ауданындағы Құрық ауылының жастары рамазан айында екі бірдей мұқтаж отбасыға қуаныш сыйлап, баспана кілтін табыс етті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz аудан әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Баспаналы болғандардың бірі — Аппақ ауылында тұратын Теңел Шәбілұлының отбасы бар. Осыған дейін қос зейнеткер бала-шағасы, немере-жиендерімен бірге бір үйде 19 адам тұрған. Отбасында мүгедек балалары да бар. Жанұяның осы жағдайын ескерген ауыл жастары оларға Құрық ауылының басынан 3 бөлмелі пәтер сыйлады.
Екінші үйдің иесі - Құрық ауылының тұрғыны, 3 балалы жалғызбасты ана Гульзия Батырбаева. Осы күнге дейін пәтер жалдап жүрген. Тосынсыйды естігенде қуаныштан көз жасына ерік берді. Айта кетейік, ауыл жастары бұған дейін де 2 мұқтаж отбасыға пәтер табыстаған болатын.
- Жетімін жылатпаған, жесіріне қамқор болған ата-бабамыздың арда салтынан бүгінгі жастар алыстап кетпеген екен. Жасаған жақсылықтары өздеріне еселеп қайтсын. Отыз күн бойы оразада тілеген тілектеріңіз қабыл болсын, - деді ауыл тұрғыны Несібелі Түлкібайқызы.
Сондай-ақ ауыл жастары Құрық ауылының тұрғыны Мурадым Увашовқа қажылыққа сертификат табыстады. Салтанатты шараның соңы гір тасын көтеру, қол күресі сынды спорттық сайыстарға ұласып, ауызашар дастарханы да жайылды.