Қарақия ауданына қарасты Құрық ауылында автокөлік жолының құрылыс жұмыстары басталды. Жобаға республикалық бюджеттен 414,5 млн теңге бөлінді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қарақия ауданы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Атап айтқанда, жобаға сәйкес Жолшы массиві көшесі, Алиев көшесі, 2, 3А, 9, 13, 14 шағынаудандарға асфальт төселеді. Қарақия аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Асан Чукинның айтуынша, ауылішілік автокөлік жолының 7,6 шақырымын биыл қарашада аяқтау жоспарланып отыр.
- Құрықта ауылішілік автокөлік жолдары құрылысының екінші кезеңін бастап жатырмыз. Конкурс нәтижесінде мердігер мекеме «Ақжол+К» ЖШС-і жеңімпаз деп танылды. Қазіргі таңда мекеме жұмыс күшінің және арнайы техникалардың көмегімен жол құрылысы жұмыстарын 13-шағын ауданнан бастап кетті, - деді Асан Чукин.