Қарақия ауданының Қарақия ауылының тұрғыны, жүз жастағы Ханым Сүйіндікова әжеміз 148 сайлау учаскесінде ұрпақ болашағы үшін дауыс берді. Ғасыр жасаған қария өз таңдауын көшпелі сайлау жәшігі арқылы жасап, жастарға бата берді.
Әз ана өз батасында, "ел аман болсын, болашақ Президентіміз абыройлы болсын, халқына жақын болсын. Ал барлық жастар өсіп-өркендеп шал болсын!" деп ағынан жарылды.
Ханым Сүйіндікова 1922 жылы дүниеге келген. Сонау зұлмат жылдардың зұлымдығын көріп, саяси нәубеттің зардабын тартқан. Кейін ұлы отан соғысының қасіретін тартып, тылдағы ауыр еңбектің азабын арқалаған жансебіл ана. Екі ғасырдың жүзін көрген ер ана әйгілі Шабар ишанның немересі, "халық емшісі" атанған Аюп атаның тумаласы.
Бүгінде сол бейнетінің зейнетін көріп, "Ералы стансасы" (Қарақия ауылы) деп аталатын шағын ауылда ұл-келін, немере-шөберелерімен бірге бақытты ғұмыр кешуде.
Қанша қиындық көрсе де мойымай, аман-есен 100 жасқа толған батыр ананы 148 сайлау учаскесі аудан әкімінің атынан, сайлаушылар атынан құттықтап, сый-сияпат жасады.
Дауыс беру бөлімшесінің төрағасы А.Чукиннің айтуынша, аядай ауылда дауыс беру құқығына ие 241 сайлаушы бар. Түске дейін олардың жартысынан көбі келіп дауыс берген. Сайлаушылардың ең жасы үлкені 100 жаста болса, ең жас сайлаушы бүгін 18 жасқа толып, алғаш рет өз кандидатын сайлаған.