Бүгін Жаңаөзен қаласына қарасты Теңге ауылы №71 сайлау учаскесінде дәрігер Көмековтер отбасы өз таңдауын жасап, дауыс берді. Әлішер Көмеков пен Шаттық Бітімбаева жас болса да еңбектерімен еленіп, қызметтеріне адал, ортасына сыйлы. Қазіргі таңда жас отбасындағы отағасы Әлішер Жаңаөзен көпбейінді қалалық ауруханасының бас дәрігерінің орынбасары қызметін атқарады. Ал жұбайы Шаттық Бітімбаева №2 қалалық емханада дәрігер эпидемиолог болып еңбек етеді. Қос дәрігер көпбалалы ата-аналар қатарында.
- Осы жылы бастау алған игі бастамаларды қоғамның бір мүшесі ретінде қолдаймыз. Бұл болашағымыз үшін, балаларымыздың ертеңгі жарқын күндері үшін қолға алынып жатқан ауқымды, ұзақ мерзімді жобалар. Сондай-ақ, өзгерістерді біз өзімізден де бастауымыз керек. Жаңару – әуелі әр адамның жеке басынан басталады. Солай ғана күллі қоғам өзгереді. Демек, Қазақстанның жаңаруына әр азамат жауапты. Сондықтан біз қоғамдағы әрбір саяси науқаннан, қоғамдық бастамадан тысқары қалмауымыз керек,- дейді Әлішер мен Шаттық.