ҚР Президентін сайлауға қазақстандықтар өз Отанында да, шетелде де белсенді қатысуда, деп хабарлайды mangystaumedia.kz
Мәселен Қазақстан паспортының иегерлері Қазақстанның Мәскеудегі елшілігінде дауыс берді.
Онда жергілікті уақыт бойынша сағат 07:00-де № 265 сайлау учаскесі ашылды. Сайлаушылар тізімінде 2340 адам бар. Сайлауға қатысу үшін елшіліктің сайтында өтініш беру қажет еді. Ауа-райына қарамастан қазақстандықтар өздерінің азаматтық борышын орындауға барды. Мәскеудегі Қазақстанның елшілігінде дауыс беру үдерісі мерекелік көңіл-күйде өтуде. Сайлаушыларға самауырында демделген ыстық шай мен бауырсақтар ұсынылды.
Ресей астанасында тұратын қазақстандық Элина Зироянның айтуынша, сайлау учаскесінде жайлы атмосфера орнаған.
"Барлығы өте жіті ұйымдастырылған. Сайлаушылар қарасы көп. Жүйелі жұмыс нәтижесінде дауыс беру үрдісі де жедел өтуде. Мен қызымды ертіп келдім, бізге бәрі ұнады. Азаматтық борышымды орындағаныма қуаныштымын. Әрбір азамат болашақтағы мемлекеттік саясаттың бағдарын айқындайтын тұлғаны таңдауға бір кісідей ат салысуы тиіс", - деді Элина Зироян.
Мәскеудегі сайлау учаскесі күні бойы жұмыс істейді және сағат 20:00-де жабылады.