Маңғыстау облысында құқық бұзушылардан 121 млн теңгеден астам қаражат өндірілді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Өңірде жыл басталғалы бері 17 мыңнан астам азамат әкімшілік заңнаманы бұзғаны анықталып отыр. Статистика бойынша тәртіп бұзушылардың негізгі үлесін жол қозғалысына қатысушылар құрайды. Жыл басынан бері 7 мыңнан астам жол қозғалысына қатысушылар жол қозғалысы ережелерін сақтамаған. Оларға салынған айыппұлдар сомасы 74 миллион теңгені құрады.
2023 жылдың басынан бастап бір ай ішінде түрлі құқық бұзушылықтар жасағаны үшін жалпы сомасы 188 миллион теңгеден астам айыппұл салынды, оның 121 миллион 113 мың теңгесі өндірілген.
Облыс бойынша айыппұлды өндіру мақсатында құқық бұзушылардың жұмыс орындарына 8495 қаулы жіберілді. Сондай-ақ, айыппұлдарды уақытылы төлеу мақсатында қала мен аудандарда "СМС-хабарламалар" жолдау бойынша жұмыс ұйымдастырылып отыр.