Өткен жылы Қазақстаннан 7 елге жаңадан 10 әуе бағыты ашылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазіргі уақытта ел азаматтары Милан (Италия), Ираклион (Грекия), Нячанг (Вьетнам), Кувейт (Кувейт), Анкара (Түркия), Маэ аралы (Сейшел аралдары) мен Түменге (Ресей) тікелей әуе рейстері арқылы ұша алады.
Елімізден шетелге жаңа бағыттардың ашылуы сырттан туристердің көптеп келуіне септігін тигізіп отыр. Мәселен, 2022 жылы Қазақстанға келген шетелдік туристер саны оның алдыңғы жылмен салыстырғанда 3 есеге артқаны анық байқалып отыр.
«Қазір Туризм комитеті жаңа әуе бағыттарын ашу бойынша жұмыс істеп жатыр. Ұйымдастыру шаралары аяқталған кезде жұртшылықты хабардар етеміз. Тікелей рейстердің ашылуы еліміздің туристік тартымдылығын арттыратыны сөзсіз. Мысалы, былтыр Атырау облысына барған туристер саны 3,5 есе артқан. Бұл өңірдің транзиттік әлеуетіне де байланысты. Қазақстанға келген әрбір 4-ші турист Алматы қаласына барады. 2022 жылы оңтүстік астанамыз 1,2 млн астам турист қабылдаған. Бұл рекордтық көрсеткіш. Еліміздегі тау шаңғысы курорттарына келген туристер саны 1,5 миллионға дейін жетті. Жыл сайынғы өсім 20% құрады. Еліміздегі тау шаңғысы туристерінің саны жағажай туристерінің санымен теңесті», - деп атап өтті Мәдениет және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев.