Еліміздегі әлеуметтік маңызы бар тауларлар қоры 1 млн тоннаны құрайды. Бұл туралы Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев мәлімдеді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Өңірлердің жедел деректеріне сәйкес, осы жылдың 2 ақпанына республика бойынша 1 млн тоннадан астам әлеуметтік маңызы бар тауарларының қоры бар. Оның ішінде кәсіпорындарда, көкөніс қоймаларында - 519 мың тонна, қоймаларда – 194,7 мың тонна, сауда желілерінде – 183,3 мың тонна, тұрақтандыру қорларында – 24,4 мың тонна. Әкімдіктер өткен жылдың күзінен бастап осы жылдың маусымаралық кезеңінде нарыққа реттеуші әсер ету үшін көкөніс қорларын қалыптастыру бойынша жұмыс жүргізуде. Біз өз тарапымыздан әкімдіктерге «инфляциялық кезеңде» ішкі нарықтың қажеттілігін жабу үшін көкөністер бойынша ұсынылатын көлемді жеткіздік», - деді министр.
Оның айтуынша, картоп бойынша министрлік ұсынатын көлемі 73 мың тоннаны құраған. Бұл ретте Абай, Ұлытау және Алматы облыстарының әкімдіктері өңірлік сұранысты ескере отырып, қажеттілік көлемін азайтты.
Абай облысы әкімдігінің мәліметінше, картопқа деген қажеттілік 2 100 тоннаны құрайды және осы көлемде келісімшарт жасалды. Ұлытау облысындада ұқсас жағдай. Алматы облысы әкімдігінің деректері бойынша картопқа деген қажеттілік 727 тоннаны құрайды. Дегенмен, әкімдік келісімшарттың қалған көлемін ұзарту мүмкіндігімен 1 234 тоннаға келісімшарт жасады.
«Жалпы өңірлер 85,8 мың тонна картопқа келісімшарт жасады. 13 өңір жасыл аймақта. Онда келісімшарттар көлемі министрлік ұсынатын көлемінің 100 және одан да көп пайызын құрайды. Келісімшарттардың көлемі 50-ден 100 пайызға дейінгі сары аймақта 7 өңір орналасқан. Бұл ретте, картоп өндірушілердің негізгі өңірлері – Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстары нарықтағы картоп қорының жеткіліктілігін атап өтуде. Павлодар облысында маусымаралық кезеңде сату үшін 20 000 тонна картопқа жергілікті ауыл шаруашылығы тауар өндірушілермен меморандумдар жасалды. Әкімдіктердің деректері бойынша ішкі нарық қажеттілігін осы жылдың мамыр айынан бастап оңтүстік елдерден 5,1 мың тонна көлемінде импорттық жеткізілімдер, шілде айында Түркістан облысынан 4,9 мың тонна көлемінде ерте картоп жеткізу есебінен қамтамасыз ету жоспарлануда», - деді Ербол Қарашөкеев.