Мемлекет басшысына Маңғыстау облысының 2022 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы мен алдағы кезеңге арналған жоспарлар туралы баяндалды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz
Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев Мемлекет басшысына 2022 жылы өңірде жалпы құны 25 миллиард теңгені құрайтын 15 инвестициялық жоба жүзеге асырылғанын хабарлады. Нәтижесінде тартылған инвестиция көлемі 15,8 пайызға өсіп, 762 млрд теңгені құраған. Жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны өткен жылмен салыстырғанда 33,3 пайызға өсіп, 75,3 мыңды құрады. Туризм саласында көрсетілген қызмет көлемі 1,6 есеге өскен. Облысқа 231 мың қазақстандық және шетелдік турист келген.
Мемлекет басшысына тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасының орындалу барысы туралы да баяндалды. Атап айтқанда, өткен жылы 12 елді мекен орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілді. Ауыз су тапшылығын кезең-кезеңімен шешу үшін 2025 жылға дейін есептелген жалпы тұшыту қуаты 286 мың текше метрді құрайтын 9 жобаны іске асыру жалғасуда.
Сондай-ақ Мемлекет басшысына тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жақсарту, Ақтау қаласының инженерлік инфрақұрылымын жаңғырту, Маңғыстау атом электр станциясын (МАЭК) қайта жаңғырту жұмыстары туралы баяндалды.