Қарақия ауданындағы Құланды ауылының 40 жылдығын тойлау аясында «Көкмойнақтар мекені» атты жаңа кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Жаңа кітап аудан әкімі Қыдырберді Бековтың қолдауымен жарыққа шықты. Үстіртте түлеген үш ауыл туралы жазылған кітап Алматы қаласы, «Алгоритм» баспасынан басылып шықты. Көлемі 18 баспа табақ, пішімі 100/70 өлшемінде.
Жаңа кітаптың құрастырушы-авторы, ақын, жазушы, ҚР журналисттер одағының мүшесі Шынар Кендін.
-Кеңестік кезеңде Маңғыстауда ең ірі мал шаруашылықтардың бірі болған Ералиев атындағы савхоздан жылқы малын бөлектеп, 1982 жылы өз алдына жеке савхоз болып құрылған. Кезінде қанатты түліктің санын 12 мың басқа дейін жеткізген ауыл «Адай жылқысын асылдандыратын жылқы шаруашылығы» деген мәртебеге ие болған. Алты Алаштың алдында абыройымызды үстем еткен Көкмойнақтардың арда мекені — Маңғыстау болса, Үстіртте түлеген үш ауыл: Құланды, Бостан, Сенектің тарихы тамырлас, дейді кітаптың құрастырушы-авторы Шынар Кендін.