“30 жылдыққа - 30 іс-шара” жобасы аясында Қарақия ауданының Жетібай ауылындағы №4 мектепте және Бостан ауылындағы "Қарақұдық" мектебінде ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға арналған кабинет пайдалануға берілді. Бұл туралы Қарақия аудандық білім бөлімінің басшысы Қалбибі Бекқалина мәлімдеді.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта Қарақия ауданында мектеп жанынан құрылған 10 инклюзивті білім беру кабинеті жұмыс істеп тұр. Төртеуі аудан орталығынан, үшеуі Жетібай ауылында, екеуі Мұнайшы ауылында және біреуі Бостан ауылынан ашылған.
- Ерекше білім алу қажеттілігі бар 37 балаға біліктілігін арттыру курстарынан өткен мұғалімдер сабақ береді. Білім алушылардың жан-жақты дамуы үшін арнайы кабинеттер, тренинг және ойын алаңы, жеке жұмысқа арналған сұхбат кабинеттері жасақталған.
Оқушылардың моторикасын дамыту үшін түрлі дидактикалық ой дамыту ойындары, пазл мозаикалар мен мольберттер жомарт жүректі демеушілер қаражаты есебінен алынды, - деді Қалбибі Бекқалина.