Қарақия ауданына қарасты Жетібай ауылында «Жұмыспен қамту жол картасы» мемелекеттік бағдарламасы аясында 1985 жылы іргетасы қаланған №4 мектептің ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, оған №9 бастауыш мектебі деген жаңа атау берілді. Бұл туралы Жетібай ауылының әкімі Қуаныш Асанов мәлім етті. Оның айтуынша, мердігер мекеме «Нұр Жол Құрылыс» ЖШС 100 адамды жұмыспен қамтып, тапсырылған жұмысты уақытылы аяқтады.
«Мектептің ішкі және сыртқы қасбетіне кескіндеме жұмыстары, су, кәріз су, электр және жылу жүйелеріне жөндеу, ғимараттың шатырын жөндеу жұмыстары жүргізілді. Күрделі жөндеуден өткен бұл мектеп жас жеткіншектердің білім алуы жолында қызмет етеді», - деді ауыл әкімі Қуаныш Асанов.
Мектептің сыйымдылығы 300 оқушының құрайды. Мектепке қажетті құрал-жабдықтар, интерактивті кабинеттер және заманауи құрылғылар бар.