2021 жылдың қорытындысы бойынша Мұнайлы ауданында 36 кәсіпкерлік нысан іске қосылды. Соның нәтижесінде негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 67 млн теңгені құрады. Ауданда қазір шағын және орта бизнес субъектілері түрлі сала бойынша қызмет көрсетеді.
-Ауданда кәсіпкерлер саны артып келеді. Негізі Мұнайлы ауданы шағын және орта бизнестің ең дамыған жері деп айтуға толық негіз бар. Өткен жылы 36 кәсіпкерлік нысан ашылса, 239 тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылды. Инвестициялық жобалар ішінде ірі-ірі кәсіп нысанынан бастап үй жанындағы шағын дүкендер де бар. Біз ауданның кәсіп бастаймын деген кез келген азаматын қолдауға, мемлекеттік жеңілдетілген несиелер мен қайтарымсыз гранттар қарастыруға қашан да дайынбыз, - деді аудан әкімінің орынбасары Бейімбет Сүлейменов.
Мұнайлы ауданына салынған инвестиция ішінде заманауи медицина орталығы, көкөніс сақтайтын қойма, сүт дайындайтын зауыт, балық өнімдерін өңдейтін цех бар. Одан бөлек 10 кәсіпкер өз қаражатын супермаркет пен азық-түлік дүкеніне салса, 7 адам мейрамхана ісіне, 3 азамат білім саласына, 4 кәсіпкер көп салалы техникалық қызмет көрсету орталығына инвестиция құйған.