Мұнайлы ауданындағы жарты ғасырға жуық тарихы бар Қызылтөбе ауылы орталық су жүйесіне қосылды. Қазір ауыл тұрғындары көшеден үйлеріне дейін су құбырын тартып, коммуналдық мекемемен келісімге отыруда.
-Былтыр қуаты 6 мың текше метр болатын су сорғы станциясының жұмысы бітіп, ел игілігіне берілген болатын. Биыл ауыл толықтай орталық су жүйесіне қосылып тұр. «Ақбұлақ» бағдарламасының аясында жүзеге асқан жоба ел игілігіне жұмыс істемек. Егер «Каспий» су тұщыту зауыты бізге қажетті көлемде ауыз су беріп тұрса, оны тұрғындарға құбыр арқылы жеткізуге енді еш кедергі жоқ. Тек ауыл тұрғындары уақыт жоғалтпай коммуналдық мекемемен келісім шарт жасасып, өз аулаларына су тартып алса дейміз, - деді Қызылтөбе ауылының әкімі Ерлан Қайнаров.
Оң бастамаға ауыл тұрғындары дән риза.
-Біраз қиыншылықты көрдік. Ал бүгіннен бастап су келіп жатыр екен. Халықтың игілігіне жарасын. Ауылдық жер болғасын ауламызда бау-бақша өсіреміз, азын аулақ мал бағамыз. Су – тіршілік көзі болғандықтан құбырмен келгені жақсы ғой, - деді ауыл ақсақалы Аман Таңғұлов.