Мұнайлы ауданының Маңғыстау ауылынан жеке кәсіпкер өз есебінен бастауыш мектеп салып жатыр. Былтыр наурыз айында басталған құрылыс биыл аяқталып, алдағы оқу жылында мектеп ел игілігіне беріледі деп жоспарланған. Аталған білім ошағы іске қосылған соң, 400 бала бастауыш білім ала алады.
Жеке кәсіпкер былтыр «Қарапайым заттар» бағдарламасы аясында 6% мөлшерлемемен 200 млн тг несие алған. Жалпы жоба құны 350 млн теңге. Мұнайлыда қазір 4 жекеменшік мектеп бар.
-Бұдан бөлек Басқұдық ауылынан 600 және 1200 орындық қос бірдей мемлекеттік мектептің құрылысы жүріп жатыр. Қызылтөбе-2 тұрғын массивінен жаңа мектеп жобасы мақұлданып, мердігерге конкурс жарияланды. 2022-2024 жылдарға арналған инвестициялық жобалар тізіміне енді. Сондай-ақ “Бесшоқы” тұрғын массивінен тағы бір мектеп салу үшін жобалық құжаттама жасалып, мемлекеттік сараптамаға ұсынылды. Ал “Айрақты” тұрғын массивінен елге белгілі құрылыс компаниясы жекеменшік мектеп салады деп жоспарланған, - деді аудан әкімінің орынбасары Ержан Күмісқалиев.
Айта кетсек, былтыр Мұнайлы ауданында инвестиция тарту жұмыстары қарқынды жүрді. Соның негізінде 36 кәсіпкерлік нысан ашылды.