Батыр ауылында салынып жатқан 4 пәтерлі 20 тұрғын үй жыл соңында қолданысқа беріледі. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Мұнайлы ауданының әкімі Рахат Елтизаров мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Оның айтуынша, 80 пәтердің кілті кезек бойынша көпбалалы, әлеуметтік жағынан аз қамтылған және мүмкіндігі шектеулі бала асырап отырған отбасыларға беріледі.
«Қазір тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары 80 пайызға аяқталды. Инженерлік желілер толық тартылған. Енді аулаларды абаттандыру жұмыстары қалды», - деді Рахат Елтизаров.
Жаңа пәтерлер 2 бөлмеден тұрады. Бір пәтердің аумағы – шамамен 65 шаршы метр. Айта кетейік, биыл Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында Мұнайлы ауданы Батыр ауылының 10 жылдығы да тойланады.