Мұнайлы ауданындағы орталық көшелердегі автобус аялдамалары түрлі-түсті әсем суретке боялуда.
Маңғыстау ауылындағы орталық көшеде орналасқан аялдаманың 3 қабырғасы мен төбесіне пейзаж салынған. Ол - 23 жастағы суретшінің туындысы.
- Алдымен Мұнайлы ауданында тұратын кәсіпкерлерден ұсыныс түсті. Содан соң бірнеше сурет түрін ұсындым. Өздеріне ұнағанын таңдады. Сөйтіп, жұмыс барысында аралас техниканы қолдандым. Сурет майлы бояумен салынды. Жұмысты толық аяқтауға 4 күн уақыт кетті. Жалпы, бұдан бөлек, ғимараттар мен мейрамханаларға түрлі сурет салып жүрмін. Кәсіпкерлердің қоғамдық орындардың әдемі көрінуіне мән беріп, тапсырыс бергені мені қуантты, - деді суретші Жасұлан Егеубай.
Ал мұнайлылық жеке кәсіпкер суретшінің өнеріне бұрыннан тәнті екенін жеткізді.
- Өзім гүл сатамын. Кәсібім де осы аялдама жанында орналасқан. Қабырға бос тұрмасын, тұрғындардың көзі демалсын деп осындай әсем табиғаттың суретін салғызуды жөн көрдік. Сондай-ақ, бұл жас суретшілерге де қолдау болмақ. Ауданның гүлденіп, дамуына үлес қоса алсақ - азаматтық борышымыздың орындалғаны, - деді кәсіпкер Клара Ізбенбетова.