Мейірім Жанұзақов 2000-шы жылдардан бері темірден түрлі бұйымдар жасайды. Алғаш әкесінің жанында жүріп мүсін жасап, қабырғаға неше түрлі сурет салған. Ол бір емес, бірнеше мамандықты игерген азамат. Оның алғашқы мамандығы – аспаз. Одан бөлек дәнекерлеу ісін меңгерген. Қазір зергер мамандығы бойынша білім алып жатыр.
-Ағаштан болсын, темірден болсын қолымнан келген нәрсені жасай беремін. Ешқашан білемін демеймін. Білмейтін нәрсемді үйренемін. Қазақта «Жігітке 7 өнер де аз, 70 өнер артық етпейді» дейді ғой. Сол сияқты барлық нәрсені үйренгім келеді, - деді Мейірім Жанұзақов.
Ол Батыр ауылындағы №10 мектепте технология пәнінің мұғалімі. Шеберліктен бөлек осы салаға балаларды да баулып жүрген педагог. Мейірім осы мектептегі түрлі мүсіндегі 100-ге жуық кітап сөресі мен 200-ден астам гүл қойғышты жасаған. Естеріңізге сала кетейік, Мейірім жұмыс істейтін мектепте 5000-ға жуық гүл бар.
Одан бөлек кейіпкеріміз өзінің жұмысына қажетті станоктарды да өз қолымен жасаған. Соның арқасында түрлі өрнекті темірден 1 минуттың ішінде жасап шығарады.
-Біз мектептегі жарамсыз болған бұйымдарды қайта өңдейміз. Сатып алу деген нәрсе жоқ. Мысалы оқушылар орындық пен парталарды көп сындырады. Оларды лақтырып тастамай, өзім жөндеймін, - деді шебер Мейірім Жанұзақов.