Баянды ауылындағы №3 мектеп республикалық үздік 100 олимпиадалық мектеп қатарынан көрінді. Еліміздегі үздік білім ордаларының тізімі kazbilim.kz сайтында жарияланды. Бұл туралы mangystaumedia.kz сайты Мұнайлы ауданы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Білім ордасының үздіктер қатарынан көрінуіне республикалық пәндік олимпиададан 1 алтын және 2 қола медальға ие болуы сеп болған.
«Мектеп ұжымы 5 бағыт бойынша жұмыс істейді.Оқушылардың білім сапасын арттыру, ұстаздардың кәсіби деңгейін жетілдіру, функционалды сауаттылық, ұлттық құндылықтар мен оқушыларды қайырымдылыққа тәрбиелеу біздің басты мақсатымыз. Республикалық пәндік олимпиада жеңімпаздарының тұрақты шығуы, республикалық, халықаралық ғылыми жоба жеңімпаздары, ұстаздарымыздың аймақтық, республикалық сайыстардан орын алуы, «Жыл адамы-2019», «Ерен еңбегі үшін» медаль иегерлерінің шығуы – аталған жоспардың жүйелі орындалғандығы деп білемін», - деді №3 мектептің директоры Жанар Байназарова.
Оның айтуынша биыл өткен республикалық пәндік олимпиаданың қорытындысы бойынша Мұнайлы ауданы Білім инновация лицейінен кейінгі екінші орынға тұрақтады.
Білім ордасының 30 жылға жуық тарихы бар. Бүгінде 2207 оқушы білім алады. Биылғы оқу жылында 4 «Алтын белгі» және 3 ерекше аттестатқа үміткер бар.