Мұнайлы ауданына қарасты Басқұдық ауылының тұрғыны Темірхан Канашов темір бұйымдарын жасап, күнделікті тұрмысқа қажетті бұйымдарды дайындайды. Бүгінде осы өнерін жетілдіріп кәсіпке айналдырып отыр. Бұл туралы mangystaumedia.kz сайты Мұнайлы ауданы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Ол темір бұйымдарын өңдеп, кескінін қию үшін қажетті жабдықтарын да сатып алған. Соның арқасында көлемді тапсырыстар алып, кейбір құрылыс мекемелерінің де қажеттілігін өтеп отыр.
«Қазіргі уақытта ауданның 2 тұрғынын жұмыспен қамтып отырмын. Бастапқыда балалар ойын алаңдарын немерелеріме жасап бердім. Содан соң қызығушылығым оянып, былтырдан бастап жалпы кәсібіме айналдырдым. Облыс көлеміндегі балабақшалардың ойын алаңдарына әткеншек, сырғанақ секілді бірнеше дүниеге тапсырыс алып отырмын. Кәсібімды алдағы уақытта ары қарай дамытсам деген ойдамын», - деді жеке кәсіпкер Темірхан Канашов.