Бейнеу ауданында құрылған «Жайдарлы» үкіметтік емес ұйымы тамшылата суару әдісі арқылы ауыл келбетін көркейтуде. Бұл туралы Бейнеу аудандық қоғамдық кеңестің мүшесі Набия Айлашова мәлім етті.
«Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының “Маңғыстаудағы ауылдық ҮЕҰ әлеуетін арттыру” жобасы ұйымдастырылған болатын. Осы жоба аясында 500 000 теңге грант жеңіп алдық. Енді ауыл келбетіне көрік қосып, жасыл желектерді одан әрі жайқалып өсуін мақсат етіп отырмыз. Қазіргі уақытта қажетті құрал-жабдықтар, құбырлар мен материалдар алынып, орталық саябақтағы ағаштарды тамшылатып суару әдісі іске қосылды», - дейді Н.Айлашова
Жоба аясында жұртшылыққа көлеңке сыйлап, серуендеп жүруге арналған демалыс саябағындағы ағаштарды тамшылатып суару әдісімен абаттандыру көзделген. Істің ілімін тапқан шаруа жобаның жүзеге асуына атсалысқан барлық ерікті жастарға ризашылығын жеткізді.