Бейнеу гуманитарлық-экономикалық колледжінің құрылғанына 15 жыл толуына орай колледж тарихына арналған «Армандар бастауының алтын ұясы» кітабының тұсаукесері өтті. Аталған оқу орны Маңғыстау облысы бойынша ауылдық жерден ашылған техникалық және кәсіптік бағытта білім беретін тұңғыш колледж.
Колледждің ашылуы аудан тұрғындары үшін, әсіресе еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдары тарихи Отанына көшіп келіп жатқан қандас бауырларымыз үшін өлшеусіз көмек болған еді.
Шараға оқу орнының әр жылдардағы басшылары, колледждің қалыптасуына, дамуына үлес қосқан ардагер ұстаздар, аудан әкімі Бейнеубек Әбілов, аудандық мәслихат хатшысы Қуан Мансуров, колледждің әлеуметтік серіктес мекемелерінің басшылары және колледж ұжымы қатысты.
Шара барысында колледж басшысы Гүлістан Жаулы колледждің осыған дейін атқарған істеріне тоқталып, кітап маңыздылығы жайлы айтты. Ал аудан әкімі Бейнеубек Әбілов құттықтау сөз сөйлеп, колледж ұжымының маман дайындау ісіне табыс тіледі. Ардагер ұстаздар атынан сөз алған Бақыт Алдоңғар мен Батиха Отарова және колледж түлегі Мөлдір Мұхамадинова да естеліктерімен бөлісіп, ыстық ықыластарын жеткізді.
Оқырманға жол тартқан кітаптың лентасын колледждің алғашқы директоры Сұлтан Жаңбыров пен аудан әкімі Бейнеубек Әбілов қиды.
Бүгінде колледж материалдық-техникалық базасы мықты, білікті оқытушылардан құралған ұйытқылы ұжымы бар, 7 мамандық бойынша маман дайындайтын іргелі оқу орнына айналған.
«Кәсіпқор» холдингі коммерциялық емес акционерлік қоғамы жүргізген рейтингте республика бойынша ауылдық жердегі гуманитарлық бағыттағы колледждер арасында екі жыл қатарынан бірінші орынды иеленуі - колледж ұжымының нәтижелі қызметінің көрсеткіші.