Бейнеу ауданына қарасты «Күйкен» орта мектебіндегі үш ауысымды болдырмау мақсатында 312 орындық қосымша ғимараттың құрылысы жүріп жатыр. Жаңа ғимарат келер жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланған.
Сондай-ақ Бейнеу ауылындағы «Атамекен» жалпы білім беру мектебіне де 312 орындық оқу корпусын салу жоспарланып отыр. Құрылыс жұмыстары осы жылы басталмақ.
- Білім берудің сапасын арттыру мақсатында қосымша ғимараттардың құрылысы "Күйкен" орта мектебінде басталды. Ал, "Атамекен" білім ордасындағы 312 орындық оқу корпусының құрылысы осы жылы басталады. Бұл жаңа жұмыс орындарының ашылуына да өз септігін тигізбек. Осы уақытқа дейін үш ауысымды оқу тұрғындарға қолайсыздық тудырып жүрген. Енді бұл мәселе түбегейлі шешімін табатын болады -, деді Бейнеу аудандық білім бөлімінің басшысы Шоқан Жаулиев.