©
Биыл Маңғыстауда қандай ауыс-түйіс болып, қай басқарма мен департаменттің басшысы ауысты? mangystaumedia.kz сайтының есебі бойынша биыл өлкеде 40-тан астам қызметкер жаңа лауазымға ие болған. Оның қатарында 9 басқарма басшысы, 4 прокурор, 5 әкім, әкімнің орынбасарлары мен аппарат басшылары және бірнеше АҚ басшылары бар. Жыл басынан бері жаңа қызметке кіріскендердің тізіміне көз жүгіртейік.
Қаңтар айында Маңғыстау облысы әкімінің кеңесшісі болып Әсел Балманова тағайындалған болатын. Еңбек жолын 2010 жылдың наурызында Батыс Қазақстан облысы табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының, қоршаған ортаны қорғау және мониторинг бөлімінің бас маманынан бастаған жаңа кеңесшінің 30-ақ жасында бұл қызметке келуі желіде, тұрғындар арасында қызу талқыға түсті. Дәл осындай лауазымға «Oil Real Estate» ЖШС директоры қызметін атқарған Ахмет Салманов та тағайындалды.
Бұған дейін Маңғыстау облысының ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары болған Серік Қалдығұлдың қызметі жоғарылап, басқармаға басшы болды.
Маңғыстау облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына да жаңа басшы келді. Бұл қызмет бұған дейін Маңғыстау облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары болған Қуаныш Берішбаевқа жүктелді.
Маңғыстау облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысы лауазымына Дүйсен Құсбеков, сонымен қатар Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі басшысы болып Самат Сүлеев тағайындалды.
Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжановтың шешімімен Маңғыстау облысы мәдениет басқармасының басшысы қызметіне Пания Сармурзина кіріссе, оның орынбасарының міндеті Аманғали Нұрдәулетовке жүктелді.
Маңғыстау облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының басшысы қызметіне бұған дейін орынбасар болған Эльдар Машырықов келді.
Маңғыстау облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы лауазымына Нұрбек Қарабалаев, энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының ретінде Жандос Салимов тағайындалды.
Ақтау қалалық әкімдігінде де бірқатар ауыс-түйіс болды. Қалалық мәслихатының кезекті он алтыншы сессиясында қалалық мәслихаттың хатшысы болып Сембіғали Закенов сайланды. Ал бұған дейін осы міндетті атқарған Марат Молдағұлов БН-350 директоры қызметіне ауысты. Ал Ақтау қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы болып Берік Ізғалиевтің орнына Қайрат Ақыбаев тағайындалды. Сондай-ақ Ақтау қаласы әкімінің баспасөз қызметіне тағайындалған Мұхтар Ибраймов бірнеше айдан соң Маңғыстау облыстық Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары қызметіне ауысты. Айта кетелік, осы басқармаға Жансая Исмағұлова басшы болып келді. Ал бұған дейін бұл лауазымда болған Құрманбек Жұмағали «Қазақ радиолары» ЖШС-не ауысты.
"Хабар 24" телеарнасының аймақтағы меншікті тілшісі Гүлмира Әбішева "Өңірлік коммуникациялар қызметі" басшылығына тағайындалды. Бұрын бұл қызметті Айсұлу Дүтбаева атқарған еді.
Биыл "Маңғыстау" арнасының директоры да ауысты. Бұған дейін журналист, ақын Әнуарбек Бимағамбет атқарған қызмет енді Меруерт Құмароваға жүктелді.
Қарақия ауданының әкімінің міндетін бірнеше ай атқарған Қыдырберді Беков әкім болып тағайындалды. Ал жыл соңында осы әкімдіктің қызметкерлерінің бірі, атап айтқанда, аудан әкімі аппаратының басшысы 1 млн. теңге парамен ұсталды.
Көптің назарын аударған ауыс-түйістің бірі – Айдос Хамиевтің Түпқараған ауданының әкімі атануы. Ол бұған дейін Маңғыстау облысы құрылыс басқармасының басшысы қызметін атқарған. Ал аудан әкімінің аппаратын Бисенғали Кенжалиев басқарды.
Мұнайлы ауданы әкімі болып Рахат Елтизаров тағайындалуы да маңғыстаулықтар үшін жаңалық болды. Ал осы қызметті 2015 жылдан бері атқарып келген Нұрлан Тәжібаев Маңғыстау облысы әкімі аппаратының басшысы болып кетті. Облыс әкімінің аппаратын бұрын Асқар Рзаханов басқарған. А.Киікбайұлы «Су өндіру және тасымалдау басқармасы» ЖШС басшысы қызметіне ауысты.
«КазАвтоЖол» ҰК» АҚ Маңғыстау облыстық филиалының директоры қызметіне Ербол Омаров тағайындалды. Ол бұған дейін осы мекеменің оңтүстіктегі филиалында директордың орынбасары болған.
«Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағы» АҚ Басқармасының төрағасы болып Бауыржан Қайратов тағайындалды.
«Каспий» ӘКК» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы болып Жомарт Абиесов келді. Ол бұған дейін ҚР Президенті Әкімшілігінің кадр саясаты бөлімінің меңгерушісі, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ Басқарма төрағасының кеңесшісі, ҚР Экономикалық даму және сауда министрлігінің «Қазақстандық мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығы» АҚ Басқарма төрағасы қызметін атқарған.
Осы жылы өңірдегі прокуратурада да бірқатар кадрлық өзгеріс болды. Тамыз айында Маңғыстау облысының прокуроры болып Ерлан Абаев тағайындалды. 2015 жылдан бастап Атырау көлік прокуроры болып қызмет еткен Берік Құлмағамбет Ақтау қаласына прокурор болып ауысты. Сондай-ақ Қарақия ауданының прокуроры Берік Бүркітбаев, Түпқараған ауданының прокуроры Бақытжан Жанысбаев, Бейнеу ауданының прокуроры болып Сұлтан Абдуллаев тағайындалды.
Ал Елдос Сағиев Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдар ұлттық бюросының (Жемқорлыққа қарсы қызметтің) Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы лауазымына келді. Дегенмен оның басқа қызметке ауысуына байланысты қараша айынан бері орынбасары Махамбет Ербөлек уақытша міндетін атқарып отыр.
Маңғыстау облыстық сотының жаңа төрағасы Ержан Даулиевті ұжымға ҚР Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Абай Рахметулиннің өзі келіп таныстырды.
«Маңғыстау облысының ауруханасы» ШЖҚ МКК директоры Нұрлан Мұхановтың орнына Болатбек Қаюпов келді.
Маңғыстау облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінде де өзгерістер болды. Департаментке Данияр Жаналинов басшы болып келсе, оның орынбасары қыркүйек айында парамен ұсталды.
Жыл соңына таман Маңғыстау облысы әкімінің үш бірдей орынбасары ауысты. Әкімнің бірінші орынбасары болып Әлихан Қыраубаев тағайындалды. Бұған дейін бірінші орынбасар қызметін атқарған Серік Аманғалиев пара алды деген күдікпен ұсталған еді. Үкіметтік емес ұйым өкілдерімен кездесуде Е.Тоғжанов бұрынғы орынбасары жайлы пікірін білдірген болатын. Сондай-ақ Бекмұрат Жүсіпов пен Шолпан Илмухамбетованың орнына Өркен Бисақаев пен Нұрдәулет Қилыбай келді. Өркен Бисақаев 2017 жылдан бері өңірдің туризм саласын басқарған, Нұрдәулет Қилыбай «Теміржолсу» АҚ Бас директоры – Басқарма төрағасы қызметін атқарған. Астанада Орталық коммуникациялар қызметінде берген сұқбатында Ералы Тоғжанов бес орынбасары да қызметін атқарып жатқанын жеткізген еді.
Еске салайық, облыс әкімінің орынбасары Шолпан Лазарқызы «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ директорының орынбасары болып ауысты. Енді ол мұнай компаниясының экономика саласын басқармақ.
Жаңаөзен қалалық сайлау комиссиясының шешімімен Сәрсенбек Қалаубаев көп дауысқа ие болып, Теңге ауылының әкімі болып сайланды. Ал Өсербай Табынчаев Рахат ауылының әкімі атанды.
Әзірге осы жылдағы соңғы тағайындау білім басқармасында болып отыр. Бұған дейін Ш.Есенов атындағы КМТжИУ оқу-әдістемелік ісі жөніндегі проректор болған Асқар Сейдалиев Маңғыстаудың бас ұстазы атанды.
Ит жылының аяқталуына санаулы күндер ғана қалды. Біз осы жыл ішіндегі ауыс-түйісті түгел тізіп шығуға тырыстық. Кімді ұмыт қалдырдық? Пікір қалдырыңыз!
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Коллаж: Ақерке ГАГАРИНА