Базар Қосжан атбегі
[ 2019 ] 19 наурыз, 11:52 | анонс
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында адамзат өркениетінде алғаш жылқыны қолға үйретіп, асыл тұяқтылардың дүбірімен дүниенің тең жартысын шарлаған байырғы бабаларымыздың ерекше орны мен мәдениетіне мән берілуі тегін емес. Ежелден тамыр тартқан көнелік дәстүрдің бір тармағы Адай жылқысы атағымен талай жұртқа танылған тұяқтылардың мекені Маңғыстауда өз жалғасын тауып келеді.
Атбегілік өнерді дараларға дарыған қасиеттің арқасында кәсіби деңгейге көтерген атсейістердің де аттары тарихта қалуы тиіс. Бұрынырақта баспасөз бетін көрген (07.01.1994 ж. «Маңғыстау» газеті) бұл мақалада Маңғыстаудың көнекөз шежіре қарттары Төлесін Көшеков пен Жәңгірхан Маңғыбаев ағаларымыз кешегі өткен атақты атсейістердің бірі Базар Қосжан туралы ескілікті әңгіме арқауын тарқатады.
Қосекеңнің өзін көрген
Сайын далада сағымдай жүйткіп, арғымақ құлағында ойнап өскен қазақ баласы ат баптау өнеріне ерекше мән берген. Тұқымы таза, аяғының желі бар, маңдайы жарқырап бәйгеден келер жүйріктерді құлын-тай кезінен-ақ жазбай таныған. Оларды ерте ұстап, көзден таса қылмай баптап, бес-алты жасынан-ақ думанды дүбір аламан бәйгеге қосып сынаған. Сондай тұлпар тұяқ, тартынбай шабар кең тынысты сәйгүлік ұстаған, бабын келтіріп, атақты аста, дүбірлі тойда әлденеше рет бас бәйгені иемденген айтулы сейістердің бірі – Базар Қосжан.
Қосжан – Жарының Базары, оның Жәнтен бөлімінен. Жалмырзаұлы Құлшардың бес баласы болған. Олар: Еспенбет, Доспанбет, Қосжан, Ешімен, Бегім. Қосжан шамамен 1848-50 жылдары туған. Ол 1924 жылы қазіргі Тұщықұдық совхозына қарасты Жаманорпа жерінде дүние салған.
Базар ауылы Уаққұм, Жаманорпа, Қошақ жерлеріне қоныстанған, қысы-жазы сол сулардың маңында отырған. Арқаға көшіп-қонып жүретіндей бай ауыл болмаған.
Қосжан жас кезінен ат жаратуға, жүйрік баптауға үйір болған. Ол кезінде көпке танымал болған Қарағұл, Майлаш, Иса сияқты кісілердің қасына еріп, жақсы атты сынау, сәйгүлік жарату сырларын жете меңгерген. Қосжанның сейістік атын шығарған, шабысқа қосылған жерлерде бас бәйгені көп алған екі жирен аты еді. Оларды Үлкен жирен, Кіші жирен деп атаған. Бәйгеге олардан басқа да бірнеше ат жаратып қосқан, бірақ олар екі жирендей болмаған.
Қосекеңнің өзін көрген, жаратқан аттарына бәйге бала болған, сондағы сөзін зерделеп тыңдаған, қазір жасы сексеннен асқан Шебір ауылында тұратын қарт зейнеткер Дәулет Сағындықұлы әңгімені былай бастап еді:
- 1923 жылы күзде Жаманорпада Жаманқара ауылдары отыратын. Сол ауылдың орта тұсындағы Отаралынікіне кешке қарай бір атты кісі келіп түсті. Бұл келген атақты атбегі Қосжан еді. Ауыл адамдары алдынан шығып ол кісіні аттан түсіріп алып үйге бастады. Отаралы мен Исаның кіші баласы Кемелхан ойнап отырған тоғызқұмалағын жинап қойып Қосжанды қарсы алды. Қадірлі қонаққа арнап мал алдырып сойдырды. Қосекеңмен амандасуға ауыл адамдары да жиналды.
Шай ішілгеннен кейін Кемелхан мен Отаралы сөз бастады.
- Қосшеке, біздер сіздің ат қосқан жерлеріңіздің бәріне бірдей қатыса алған жоқпыз. Егер бізге Салпы жерінде болған Шағыр Шотықбайдың баласы Есениязға берілген асқа барып Кіші жирен атыңызды қосқаныңызды айтып берсеңіз жақсы болар еді.
- Талай жиын болды ғой, сұраған асыңыздағы ат бәйгесі жайын айтайын, – деді де атбегі қызықты әңгімесін бастады.
Салпыдағы есенияз асында
Оның айтуынша, 1880 жылы Салпы деген жерде Шағыр Шотықбай баласы Есениязға ас беріліп, онда аламан бәйге болады. Бай ауылы ас берілетіндігі жөнінде үш жыл бұрын елге хабар таратып, сауын айтқан екен. Салпының басына 350 үй тігіледі. Оған аяқ жетер жерден әр рудың белгілі байлары, айтулы азаматтары тегіс жиналады. Сол асқа Маңғыстаудың ойынан «Кішіжиренін» алып Қосжан да барады. Елден асқа аз күн қалғанда шығады да суыт жүруіне тура келеді. Асығыс жүрісте жирен ат бабынан шығып кетеді. Оған сейіс аса көп қинала қоймайды. Сол сапарда Қосшекеңнің қасында көп адам болмаған, бәйге баласы мен он бес шақты адам бірге жүрген.
Ас иелері Маңғыстаудан Қосжанмен бірге біраз адам келеді деп есептесе керек, жеті қанат екі үй дайындап қойған екен. Ол үйдің біреуі – Есенияздың өз үйі. Ауыл сыртында кермеде тұрған жабулы Есенияздың көк арғымағын Қосжан көргеннен жазбай таниды. «Япырай, мынау Есенияздың көк арғымағы болды-ау. Балалары жас деуші еді, жаратушысы кім екен?» деп жолдастарынан сұраулы. Оған тұшымды жауап берген еш- кім болмады. «Е-е, кезінде он алты нармаяға алған еді» деп қасынан өте береді. «Бүгінде Есенияздың өзі болмаса да кезінде көк арғымақ бәйгеге көп қосқан аты еді. Орны үңірейіп тұрмасын асына қосамын» деп бәйбішесі баптап жүр екен.
Үйге кіріп жайғасқаннан кейін Қосжан Есенияздың бәйбішесінен:
- Замандас, бала симеген тулақ бар ма? – деп сұрайды.
Сонда үй иесі әйел сөзіне әзіл араластырып:
- Бала симеген тулақ жабатын не түрлі атың бар еді, шыбыш лақтаған ешкідей әне-бір жетелеп келген жиренің бе? – дейді. Қосжан мен Есенияз қатар адамдар болған. Бұлар келіп түскенде әйел Қосжанның жиренін байқаған екен.
Замандасының әзілі шымбайына батып кетті ме, әлде атына сенді ме, Қосжан:
- Осыдан жирен ат бәйгеден бірінші болып келмесе – есігіңнің алдында басыбайлы құлың болып қаламын, егер бәйгеден келсе, сен маған тоқал болып Маңғыстауға жүресің бе? Соған тұрасың ба?! – дейді. Сол жерде келіншек күліп, Қосжанға ұсталмаған кілем алып бергізеді.
Қызылша бесін мен намаздыгер арасы. Күн кешке айналған кез. Жаздың мамыражай жайлы шағы. Ауыл сыртындағы кермеге бөлек-бөлек байланған сәйгүліктер айнала- дағы дыбысқа елеңдеп қояды.
Осы кезде Матайдың Ботақарасы Қосжандар түскен үйге жайғасып жатыр екен. Жасы ұлғайып қалған, құлағы да тосаң тартқан кезі. Соның салдары ма, қартың қаттырақ сөйлейді екен. Ол кісі сейістігімен енді-енді аты шығып елге таныла бастаған Сүйіндік деген інісін шақырып алып:
- Аттар бәйгеден келгенде бәрің де білгішсіңдер, көріпкел сыншысыңдар. Білетін, біл- мейтіндеріңді бүгін байқайын. Келген аттарды көріп не білгендерің бар? Соны бүгін маған айтып келіңдер, – дейді бұйыра.
Сосын Сүйіндік жолдастарымен аттарды көруге шығады. Өзінің торы арғымағына келіп: – «Жануарым-ай, бұл жолы саған бәйге жоқ. Оны өзің де біліп тұрсың», – депті.
Барахаттың Көк байталының тұсына келіп:
- Бәйге менікі деп келген екенсің, бір қылаң жылқыдан қауіп етіп тұрсың ғой, – деп өте шығыпты.
Есенияздың Көк арғымағын сонадайдан көріп:
– Көк байталды қорқытқан сен екенсің ғой. Сен де бір баран жылқыдан қалғалы тұрсың ғой, – деп одан да өтіпті.
Батыс жақ шетте Қосжанның Кіші жирені жабу астында тұр екен. Кім-кімде болса өз иесі болмаса бәйге аттарын жақын келіп қарауға, жабуын көтеруге болмайды. Сонда да сыншы байқампаздығына бағып:
- Бәйге аттарды қорқытып тұрған сен екенсің ғой, бәйге сенікі. Тек Қосжан төрт ша- шаның астындағы терді алып үлгере ме екен, мұны қалай байқамаған, – деп одан да өткен екен.
Бұл кезде жирен аттың қасында Қосжанның бәйгеге шабатын өз баласы Батыр мен жақын інісі Балжұмыр бар-ды. Олар естігендерін айтуға үйге келгенде, Қосжан асығыс екі үйде сойылып жатқан төрт қойдың қарнын боғымен алдырып, киізге орап тастаған, үлкен екі шелек суды оттың қасына қойып, «ешкім қозғамасын» деп тапсырған ғой.
- Маған тамақты қаратпай-ақ қойыңдар, біраз айналып қаламын, – деп бір-екі аяқ шай ішіп, қасына бәйге баласы мен екі-үш жолдасын алып сыртқа шығып кетеді.
Бұл кезде Сүйіндік ағасына өзінің көрген-білгенін айтып отырған-ды.
Қосжан таза жерге шығып, біразырақ аттың суына тиіп келген соң, манағы дайындаттырып кеткен төрт қарындағы боққа аттың төрт аяғын батырып, қаңтарып тастайды. Таң құланиектеніп келе жатқанда жиреннің аяқтарын жылытылып қойылған сумен жуып, көк еркекке қойған еді. Ертесіне атбегі сейістер тағы да аттарды қарауға шығады. Сүйіндік бастаған топ бірден Кіші жиренге қарай келеді. Қосжан да атының қасында екен.
Сәлемдескеннен кейін Сүйіндік:
- Атқа не істеп тастағансың, Қосжан? – дейді.
- Еш нәрсе істеген жоқпын, – дейді Қосжан.
- Жасырмай-ақ қой, атты бабына келтіріпсің ғой, – деп Сүйіндік басқа аттарға қарай кетеді. Ел аузында Қосжан «Сүйіндік те бір кісідей атты таниды-ау» деп айтып жүретін деген сөз бар.
Сонымен бәйгеге 75 ат қосылады. Бірінші болып Қосжанның жирені келеді. Екінші Есенияздың Көк арғымағы, үшінші Барахаттың Көк байталы келеді. Сонда ғой Қосжан Барахатқа: – «Көк байталды қор қылдың ғой. Маған берші, құс қылып ұшырайын», – деге- ні. Әрине, сол сөзіне бола Барахат атын неге берсін!..
Бас бәйгеге 19 нар, нармая тігілген екен.
Бұл жиынға Тіленбайұлы Иса да келген екен.
Қосжан бәйге төбе басына шығып айқайлап:
- Ат бәйгесінің билігін жарыға да, басқаға да талай бердім, Исеке. Мына бәйге сіздің билігіңізде, – дейді.
– Тек қана мына бір қара нарды түскен үйімнің белдеуіне байлаймын, сөз бәсекем бар еді, – дейді.
Иса ат бәйгесін ошақ басына тастаған. Қосжанның жолдастарының арасында: «Бұл не қылғаны, одан да біздерге бір-бір қарадан жетектетсе қайтетін еді?!» деп өкпе-наразылық та білдіргендер болыпты. Бірақ Исаның айтқаны орындалған.
Кіші жирен басқа да бірнеше жиын-той мен аста бәйге алған.
Қосжан келесі жылы сонау Ойыл бойындағы бір үлкен асқа сақарып қалған бір қоңыр атты алып жүріп кетеді. Жер алыс, жүріс тығыз. Қоңыр аттың бабына келуі қиындау болады. Дегенмен атбегі үміттен құр емес. Астың күні де болып қалғанда бұлар да ауылға келіп қалады. Олардың алдынан мал қарап жүрген бір жігіт кездеседі, өзінің астында ірі торықасқа аты бар. Қосжан бәйгеге әкеле жатқан торы атын әлгі жігіттің астындағы атқа ауыстырып алады. Оған қасындағы жолдастары риза болмайды. Қосжан оларға:
«Ертең көрерсіңдер, жылқының өмірінде бір рет түсетін «шідер табы» деген күні болады, мына ат сол күйге түсіп келе жатыр екен, – дейді.
Айтқандай аста торықасқа ат бірінші болып келеді. Енді шаппайды десе болмай сол жақтың бір атқұмар бай жігіті сол атты қоярда қоймай үш атқа сатып алып қалыпты.
Ойраның үстінде он тоғызыншы ғасырдың жетпісінші жылдарында Қыдырша Досмұханбеттің асына Қосжан Үлкен жиренін алып келеді. Асқа небір жүйріктер жиналған екен. Қосжан атын қоспайтын болады. Асқа Шебірден Тастемір – Сейтімбет Ахметұлы Реушен екі атын алып барған екен. Ол кісі көбіне үш жүйрік атын қатар қосқан. Жүйріктеріне «Алжетті», «Шаттауық», «Құтқармас» деп ат қойған.
Қосжан бәйгеге қосылуға келген сексен атты түгел қарап шығады. Барлығын сынап келе жатып Реушеннің екі атына келгенде:
«Бұл екеуі бірінші, екінші болып қатар келеді», – деулі. Сонда Реушен өзі астам сөйлейтін кісі екен: «Бір үйірдегі аттар ғой, бірінен-бірі қалмайды ғой, – деген екен.
Таңертең аттар айдауға шығатын болыпты. Сонда Қосжан Реушенге: «Батыр! Садақа айтшы, – депті. Ол: «Аты озатын адам садақа айта ма екен? Аты қалатын адам айтады-дағы, – депті. «Ай, батыр-ай...», – депті Қосжан онысын жаратпай.
Аттар келетін кез болады. Реушеннің екі аты ойнақтап басқа аттардан қаракөрінім ара үзіп бөлек келеді. Жұрт: «Реушеннің аттары келеді» деп шуласады. Оқша зымырап келе жатқан екі ат бір сәтте көзден ғайып болады, тек шаңның бұрқ еткенін көреді жұртшылық.
Реушен, Қосжан бастаған адамдар аттарға қарай тұра шабады. Бұлар келсе, екі ат та жердің «аңына» кездесіп, жығылып, тіл тартпай кеткен екен. Әйтеуір, бәйге балалары аман, ұшып-ұшып кетіпті.
– Ай, батыр-ай, мен садақа айт дегенде неге айтпадың? – дейді Қосжан. Сонда Реушен:
«Ешкі садақаға жарамайды екен ғой, ауылдан шығарда қойды бастайтын сарықасқа серкені садақаға айтып едім», – депті.
Басқа адамдар Қосжаннан: «Реушенге садақа айт дегенде не көрдіңіз?» деп сұрағанда, сыншы: «Екі аттың алды-артын орап бір қызыл түлкі жалақтап шығып бара жатыр еді, ол қызыл тіл еді-ау», – деген екен.
Бірде Қосжан Қызылқұдықта отырған Майлан Жары Көзмағанбеттің ауылына қарай қы- дырып келе жатады. Ол ауылдың суға бара жатқан қой отарының соңындағы малшының астындағы өзі арық кішкене құнанды көріп алғысы келеді. Оған қойшы малды иесінен сұраңыз деген екен. Баймен келісіп астындағы атына әлгі құнанды ауыстырып алып кетеді. Сол құнанды үш жыл құр жіберіп ұстап, ас пен тойға қосқан. «Кішкене жирен» атанған сол жүйрігі қатарынан тоғыз ас пен тойдың бас бәйгесін алған екен.
Қосжан одан да басқа талай ас пен тойға ат қосқан адам. Ел есінде қалып біздерге жеткен сондай әңгімелердің ішінде 1893 жылы Бөрібаста Жақсылық Ескелді Майлыбайдың асында Қосжанның Ақсұраты бас бәйгені алған. 1888 жылы Шегем Түрікпенбайдың әкесінің асына сауын айтылғанда Қосжанның қосатын дәмелі аты болмайды. Ол Тастемір Бақажанға келіп жылқысынан ат қарауға рұқсат сұрайды. Бақажан алды кең мырза кісі болған.
– Менің жылқымнан бәйгеге қосатын ат шықпай жүр. Бұйымға тұрмайтын нәрсе ғой, өзің танысаң бір тайдың не әңгімесі бар, – депті.
Қосжан Бақажанның екі мың жылқысының ішінен ауызы жарылмаған жеті жастағы сарыала аяқ айғырды ұстатады. Айғырды жолшыбай жуасытып әрі жаратып, қазіргі «Қара» темір жол стансасы маңындағы болған асқа қосады. Сарыала аяқ айғыр бас бәйгені алады. Сөйтіп, айтулы атбегі сейістің мерейі бұл жиында да үстем болады. Бұл айтылғандардан басқа да Қосжан өз заманындағы атақты атбегілер Жәдігер Майлаш, Тастемір Реушен, Жаңай Барахат сияқты сыншылармен бірге ат баптап, шашасына шаң жұқтырмас небір жүйріктерді көз алдынан өткізген.
Дәулет қарттың есінде Қосжанның өзі айтқан тағы біраз әңгімелер қалыпты.
1895 жылы Түрікпенадай Маябас Жартының асында Қосжан өзі ат қоспағанмен Тіленбайұлы Исаның Жағалатын баптап жаратқан. Ас берілген Жарты заманында бір- шама бай болған кісі екен. Оның асында да 350-дей үй тігіледі. Бәйгеге 72 ат қосылады. Қосжан жаратқан жүйріктің бәйге баласы Исаның жеті жастағы кіші баласы Кемелхан (1888 ж.т.) болған. Ол Исаның Жағалатының жасы тоқтасып қалған кезі болса керек. Аттың алды мен арты есік пен төрдей көшелі де биік екен. Оның тамағын тойғыза жүріп жаратпаса ол аттың көңіл хошы болмайды, машықтанбайды, ерікпейді. Ол жағын Қосжан біледі екен. Исаға осы ойын айтқанда, ол:
«Қосжан, қалай болғанда да Жағалатты қосу керек және бәйгеден келтіру керек. Оның мәнісін кейін айтамын», – деген. Бұл жерде Исекеңнің «кейін айтамын» дегені: Жарты бұрын Исамен дос болған адам ғой. Ол өлген соң балалары Исаны қартайды және жарлы көріп Қоштай баймен дос-жаран болып байланысқа түсіп, Исаны көзге ілмей кеткен екен.
Ат айдалатын уақыт болып, сейістер бәйгі - балаларына жекелеп қана құпия кеңестерін беріп жатады. Қосжан: Жағалат ұзақ шабыста бұралып қалуы мүмкін-ау. Кешелі-бүгін сұлысы да жеткіліксіз болды-ау» деген көңілсіздеу ойдан арыла алмайды.
Асқа атақты атбегі әрі бай Жәдігер Майлаш та келген. Ол айдалғалы тұрған аттанардың арасындағы Жағалаттың жанына келеді. Жүйріктің жанындағы Қосжанға келіп: «Ау, Қосжан, Жағалат аш қой», – дейді. «Исекем екеуміз сен сияқты бай емеспіз. Бір атты да тамақтай алмадық», – дейді Қосжан. Сол кезде Майлаш: «Онда, жүр», – деп құдықтан су ішіп шығып бара жатқан өз отарының соңында құйрығы ауырлап бара жатқан қызыл марқаны ұстатып, сойғызып, іретіпті де екі үлкен білем майды Жағалатқа аузын үзеңгі кергімен аштырып асатып жібереді.
Аттар Қарабатырға жақын жердегі Дікілтастан айдалады. Бәйге нәтижесінде Жағалат бірінші, Дәулеталы Қоштайдың Сарықызылаты екінші келеді. Бұл жолы Исаның абыройы мен Қосжанның атбегілік өнері озған еді.
Соңғы ас
1924 жылы Қосжан өзінің туған жері – Жаманорпада қайтыс болады. Екі жыл өткеннен соң 1926 жылы Исаның Нұрбергені сол кездегі Базардың белгілі азаматы Тайырды шақырып алып:
– Қосекең тірісінде Адайға ғана емес Үшанаға белгілі болған атақты сейіс еді, елдің абыройлы ақсақалы еді. Әлі басы қарайтылған жоқ. Заман ағымын да аңдап болатын емес.
Басымыз аман, мал күйдің елде бар кезінде Қосекең басына там салалық. Атқа тірі әулие болған кісі ғой, сауын айтып ас берелік, – дейді.
Сол 1926 жылы Жаманорпада жатқан Қосжанның басына керегетам салынады (қазір ол там құлап, үйінді болып жатыр). Осыдан соң Қосекеңе арналып берілетін асқа сауын айтылады, аяқ жетер ел хабарланады. Ас 1928 жылы мамыр айының ортасында өтетін болып белгіленеді. Өтетін орны – Жартының жалы деп келісіледі.
1927 жылы Маңғыстауда алапат ақшұнақ жұт болады. Қыста жауған қалың қар сәуірге дейін жатып алады. Бұл үпік-тапық күн көріп отырған жарлы ауыл түгіл Тастемір Бақажан балалары секілді мыңғыртып мал айдаған байлардың ауылдарына да жүгенін ұстатып кетеді. Тек қана Ақтау, Қаратау бойы бір жағы күнгейлі ашық болғандықтан ба, малы аман қалады.
Бұл жұтта бұрыннан да шаруасы жұпынылау Базар ауылы бұрынғыдан да титықтап қалған еді. Көбінде аяқ артар көлік те қалмаған.
Келесі 1928 жылдың көктемінде Тайыр Иса балалары Нұрберген мен Кемелханға келіп:
- Қосжекеңе берілетін астың реті келмейтін болды-ау, – депті.
Сонда Нұрберген:
- Қалайда ас береміз, онсыз болмайды. Елге хабарлап алып Қосжекеңді иіссіз жібере алмаспыз, – депті.
Нұрберген осы әңгімеден кейін Бозашыдағы сөзі елге өтімді ақсақал, қарасақалдар- ды жинап, олардың қай рудан екендігіне қарамастан Қосжан асының ауыртпалығын бөліп көтеруді тапсырады. Тіпті кімдердің асқа немен келулері керек екеніне дейін бөліп тапсырады.
Ас жақындаған уақытта әркім өзіне міндеттелген үйі мен басқа да керек-жарақ- тарымен Жартының дөңіне көтеріледі. Үй саны үш жүз шамалас болады.
Базар ауылында асқа қосатын ат болмағандықтан бәйгеге қосатын жүйрік жайы әңгіме болмай қалады. Ешманның Қара-қызыл аты қыста теңізге ығыстап кеткен, басқа айтарлықтай ат қалмаған. Бұл ауылда ас бәйгесіне қосатын ат жоқ екенін Нұрберген Тайырдан сұрап біледі. Ол асқа 12 күн ғана қалған қауырт мезгіл еді. «Басқа кімде ат бар?» деп сұрағанда, «Батырбектің Бөпесарысының талай рет бәйге алып жүрген Тарлан айғыры қыс басында үйірін тау тұмсығына айдап кетіп, үйір түгел семіз, күйлі шығыпты. Сол айғыр күн жылынған соң үйірін Ақорпаға айдап келген, жарамды семіз сол ғана бар» деген хабар айтылады.
Нұрберген сол бойда Бөпесарыға Тарлан айғырды ұстатады. «Мынау жаратусыз жары- лып өледі ғой» деген Бөпесарыға: «Жарылып өлсе, Қосжанның жолында бір тулақ қалар» депті Нұрберген. Енді Бөпесары «Жолаш пен Сәркен ғана айғырды ұстауы керек» дейді. Сәркен мен Жолашты (Нұрбергеннің үлкен баласы) сол бойда алдырып, «айғырды жаратың» деп тапсырады. Олар: «Он екі күнде айғырдың жаратуы келмейді, семіз, майын тауыса алмаймыз» деп қатты қысылса да, амал жоқ айтылған соң жаратуға кіріседі. Сонда Бөпесары: «Айғырға Дәулет (осы жолдарды бізге айтушы) шаппаса, бермеймін» деулі. Ал Дәулет: «Мен он беске келдім, айғырға ауыр боламын» десе, Нұрекең: «Тарланның белі үзілсе де сен шабасың» деп қатаң тапсырыпты.
Асқа Бозашы түбегіндегі бәйбіше жарылар мен жеменейлерден көп ат келеді. Тек Бөкен ауылынан ғана алты ат келеді. Олардың ішінде Бабайдың Жирен аты, Қазидың Қасқа аты сияқты атақтылары да бар. Ауыл маңынан Жәдігер Жайлыбайдың Сарыайғыры, Жақ- сылықтың Алдабергенінің Сұрқасқа айғыры сияқты бұрыннан аламанға қосылып жүрген дәмелі аттар қосылатын болады. «Бәй- геге жетпіс ат іріктеліп шықты. Аттар Ақшымыраудың алдындағы Қарабатырдың биігінен жіберіледі», – деп хабарлайды елге Базар Тайыр. Сол арада кейбір адамдар ол жер алыс қой деген сөз айтады.
Сонда Тайыр:
– Уа, азаматтар! Жақында Шолақ Сабалаққа ас берілді. Онда Тастемір Тілеунияздың Торыайғыры мен Мырзагелді Сүйеудің Жиренайғыры қатар келді, ағайын алыс-жақын деген жоқ. Бұл Қосжекең асы соңғы ас болуы мүмкін. Сондықтан бұл аламан бәйге болуы керек. Ал аттарын аяғандар қоспай-ақ қалуына болады, – дейді.
Шындығында да, ол замана ағымын болжап білу қиын кезең еді.
- Айғыр бұрынғыдай емес, қыстауға болмайды, өліп кетуі де мүмкін, – деп жалғады әңгімесін Дәулет. – Мен Тарлан айғырды аяп келе жатқанымда көп ат менен өтіп кетті. Кішкенеден кейін Тарланның үсті ақ көбік болып кетті. Енді айғыр басын түйіп «жібер де жіберге» басты. Мен де жіберіп, тартып, Қосүйікке дейін манағы аттарды басып оздым. Қосүйікке шыққанда байқасам, алдымда тек Бөкен Қазидың Қасқа аты мен Бабайдың Жирен аты ғана бар екен. Астымдағы айғыр алдындағы қараны көрген соң одан сайын бауырын жаза ұмтылып, көпке бармай екеуінен де басып озды. Сөйтіп, Тарлан айғыр Жартыдағы қарақшыға жалғыз келіп еді, – деді Дәулет аға. Артынан манағы екі ат келіп қарақшыны айналған. Бәйгеге Бабай өкпелеген. Бас бәйгеге тігілген бірінші тоғызды Жаманқара ошақ басына тастаған.
Бәйгеден аттар келген соң Нұрберген:
- Уа, жеменей ағайын, өкпе ішіңде кетпесін. Бабай мен Қазидың қайсысы атына сенсе, сол бәйге алып мына Қосүйікке тартсын. Артынан қырық қадам кейін Тарлан айғыр қуады. Соған дейін жеткізбесе 10 сом күміс пен 15 кез ақ жібекті алады, – депті. Қази: «Менің өкпем жоқ» деулі. Бабайдың Жиренаты бәйге баласы 15-тегі Қамалеш Баданов 40 қадам ілгері шығып, демалған атпен қаша жөнелді. Тарлан айғырмен Дәулет те қуа жөнеледі. Бәйгеден бауырын жазып келген Тарлан айғыр жиреннің аяғын аттатпайды. Бұл асқа ел риза болып, көп адамның есінде қалады.
Атақты атбегі жайлы бұл әңгімелерді айтқан кісілер: Дәулет Сағындықұлы – зейнеткер, Шебір ауылында тұрады. Ал Сәрсен Әбілұлы болса – Самда, Төре Медиманов Өзенде тұрады.
Төлесін КӨШЕКОВ,
Жәңгірхан МАҢҒЫБАЕВ
3046
Маңғыстау Медиа
Редакциялық пікір мақала авторлары мен оқырмандардың пікірлеріне сәйкес келмеуі мүмкін. Жазба және пікірлердегі ақпараттың дұрыстығы үшін авторлардың өздері жауапты.