Жаңаөзен қаласындағы “Мұнайшы” мәдениет үйінде белгілі ақын, сазгер, республикалық байқаулардың жүлдегері, танымал әндердің авторы Тілеген Әлидің “Бағдаршам ғұмыр” атты шығармашылық кеші өтті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Көркемсөз оқу шебері Айдос Жұмабаев жүргізген рухани кеште ең алдымен ақынның өмір дерегі баяндалып, мың бұралған бишілер көрермендерге өз өнерін паш етті. Бейне ролик арқылы ақынды Қалқаман Сарин құттықтады.
"Лирикалық өлеңдердің авторы және менің рухани інім ретінде жақын тұтатын Тілегенің шығармашылық кеші болғаны біз үшін үлкен қуаныш. Тілеген Әлидің түлеген шағын, бүкіл жұртшылыққа танылған сәтін көріп әлі талай қуанатын болайық. Жорытқанда жолың болсын, бауырым, өлең көгінде қыран құстай самғай бер, жарқырай бер, жұлдызың жарық болсын", - деді ҚР жазушылар одағының мүшесі Қалқаман Сарин.
Қала әкімінің орынбасары Ғалым Байжанов дарынды ақынды ең алғашқы шығармашылық кешімен құттықтап, сый-сияпат табыстады. Содан кейін сахнаға Тілеген Әли шығып, туған жеріне және мұнайлы қала Жаңаөзенге арнап жазған өлең шумақтарын оқыды. Кеш барысында Тілегеннің сөзіне жазылған өлеңдері оқылып, әндері шырқалды.
"Тілегеннің сөзіне жазылған бірнеше әнім бар. Сол әндердің екеуін кеште орындадым. Шығармашылық кеш өте жоғарғы деңгейде өтті. Маңғыстау жеріннен мықты ақындар мен композиторлар, өнер адамдары шыға берсін. Жаңаөзендіктерді дарынды ақынның шығармашылық кешінің өтуімен құттықтаймын", - деді әнші, композитор Марат Балмырза.
Шығармашылық кешке Алматы, Қарағанды, Шымкент, Қызылорда, Атырау, Ақтау қалаларынан өнер иесін құттықтап, ақынның өнердегі замандастары мен інілері, жазушылар мен ағайын-туғандары келді. Сондай-ақ кешке жыр сүйер халық қатысып, терең мағыналы, әсерлі кештен рухани демалды.
"Тілеген Әли Маңғыстау жас ақындарының ішінде көпке таныс, көпшілік сүйіп оқитын ақындардың бірі әрі бірегейі. Оның сыршыл, шыншыл, лирикалық, нәзік ойлы көркем өлеңдері көпшілікке таныс. Тілегеннің өлеңдерін жас та, кәрі де оқиды. Ол аз жазса да саз жазады. Әсіресе, көп ақынның қолынан келе бермейтін әнге сөз жазудың шебері. Өлеңдері әнге сұранып тұрған ақын. Алғашқы жыр жинағының жарық көруіне тілектеспін", - дейді ҚР жазушылар одағының мүшесі, ақын Асылбек Жаңбырбай.