Токиода дзюдодан өткен Гранд Слэм бәсекесінде Маңғыстау облысының өкілдері жүлдеге қол жеткізе алмады. Аталған сынға Асқар Нарқұлов пен Руслан Мұсаев қатысқан болатын, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
73 келіде татамиге шыққан маңғыстаулық Асқар Нарқұлов грузиялық Георгий Терашвилиден ұтылып қалды.
Ал 81 келіде Маңғыстау облысының өкілі Руслан Мұсаев бірінші белдесуінде уругвайлық балуанды ұтты. Алайда ол келесі белдесуінде Канада спортшысынан айласын асыра алмады.
Жапонияда өткен турнирде сол елдің құрамасы 7 алтын, 5 күміс, 4 қола медальмен жалпы есепте көш бастады. Екінші орынға Оңтүстік Корея дзюдошылары 1 алтын, 1 күміс, 2 қола жүлдемен тұрақтаса, үздік үштікті Бразилия (1 алтын, 1 күміс) құрамасы түйіндеп отыр. Бұдан бөлек Нидерланд, Әзірбайжан, Канада құрамалары 1 алтын медальдан иеленді.
Қазақстан ұлттық құрамасы бұл тізімде 25-ші орынға жайғасты. Отандық татами шеберлері үшін ең жоғары нәтиже 7-ші орын болып отыр. Бұл көрсеткіш +78 келіде күрескен Кәмила Берліқаштың еншісінде.