Жаңа ғасырдан сәл ауытқып естелігі мен ерлігі көп кешегі 80-90 жылдардың айналасындағы мамандық таңдау немесе тұрмыстағы қызмет түрлері қандай болғанына зер салар болсақ сайып келгенде бүгінгіше шалқыған өмір болмағаны рас.
Әйел адамдар арасында училище бітірген педагог болса яғни сауатты топтар қатарына енеді, ер адамдардың да осы сынды құжаттары болса жақсы жұмыс орынға орналасады. Сол кездегі мал шаруашылығымен отырған отбасылардың балалары бүгінгі таңда алды 55-60 жас айналасында десек қателеспейміз. Яғни, мамандық алмаған сол кезеңнің жастары міне бүгінгі таңда оқитын жастан өтіп кетіп, шаруашылық та үнемі тұрмайтыны белгілі, зейнет жасы жақындағаннан кім-кімде болса үкіметтің қызметкері атанып ертеңгі күні жақсы қаражатпен зейнетақы алғанды қалайды.
Осы бір тақырыпты бастау ете отырып «Өтес жалпы білім беретін мектептің» аула тазалаушысы Бибатпа Жаулыбаева апайдың еңбек жолымен таныстыра өтіп, ұжым атынан алғысымызды білдіргіміз келеді. Мектеп ауласының тазалық жұмысы ауа-райына қарамастан үздіксіз тазаланып, шөптері мен шірінділері уақытылы алынып, оқушылардың тастаған түрлі қоқыстары күндегісін күнде, екі мезгіл тазалық жұмысын талап етілетін бір қызмет болып есептелінетін қиындықтары сырт көзге білінбейтін, жасаған адам түсінетін бір мамандықтың иесі осы – Бибатпа апай.
Бибатпа апай 1964 жылы дүниеге келген, Жармыш ауылының тумасы. Бүгінгі таңда екі ұлын ұяға, қызды қияға қондырған ақ жаулықты ана. Төрт немере сүйіп, сегіз жиенді болған ақ жаулықты әже атанған апайдың тұрмыс жолында бір кісідей көрген бейнеті де жоқ емес. Уақытында мал бағу мен үлкендердің алғысын алған баталы келін ретінде ауылға танымал.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» - деген, қазақтың осы бір аталы сөзі еңбегі ерен, төзімділігі бір кісіге жетерлік Бибатпа апай сынды қазақтың бір туар шыдамды да қайсар аналарына арналғандай. Бүгінгі атаулы күнде апайға зор денсаулық, отбасыңызға амандық тілейміз.
Гүлзат АХБАЙҚЫЗЫ,
Өтес жалпы білім беретін мекемесінің мұғалімі