Ақтау қаласының әкімі Ұлықбек Тналиев соғыс ардагері Василий Салазкин және тыл ардагері Күнбетбай Әлібекұлының үйіне барып, алғыс айту күнімен құттықтады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қала әкімі Ұлықбек Тналиев, қала әкімінің орынбасары Нұртас Сали, ардагерлер кеңесінің төрағасы Аманжол Қартбай, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі Ақтау қалалық филиал төрағасының орынбасары Қаржаубай Аққұлов ардагерлерге алғыс айтып, арнайы сыйлықтар табыстады.
- Отан үшін отқа түсіп, қан майданнан аман оралған ардагерлердің алдында бас иеміз. Сіздердің еліміз үшін жасаған ерен ерліктеріңізге алғысымды білдіремін. Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін, - деді қала әкімі Ұлықбек Тналиев.
Өз кезегінде ардагерлер де қала әкіміне ризашылығын білдірді.
- Бізді ұмытпай, жағдайымызды сұрап келгендеріңізге рақмет. Қаламызды дамыту жолындағы еңбектеріңіз елене берсін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!, - деді Василий Салазкин.
Василий Салазкин 1927 жылы дүниеге келген. Соғыс ардагері бірінші Қиыр Шығыс майданының құрамында соғысып, кіші сержант шеніне дейін көтерілген. ІІ дәрежелі Отан соғысы, «Қызыл жұлдыз» ордендерімен, «1941-1945 жылдардағы соғыста Германияны жеңгені үшін», «Кеңес Одағының Маршалы Жуков» медальдарымен марапатталған.
Күнбетбай Әлібекұлы 1960 жылы кен инженері мамандығы бойынша Баку қаласындағы мұнай-химия институтын бітірген. 1960 жылдан зейнеткерлікке шыққанға дейін Маңғыстау өндірістік геофизикалық партиясында инженер-оператор, отряд бастығы, партияның бас инженері болып қызмет атқарған. Жетібай, Өзен, Қарамандыбас, Тасболат, Теңге, Қаражанбас, Қаламқас кен орындарын ашуға қатысқан. КСРО Геология министрлігінің «Жер қойнауының құрметті барлаушысы» белгісімен, «Арман кен орнын алғаш ашушы», «Жер қойнауының барлаудағы қызметі үшін» медальдарымен марапататталған.
Ардагерлерге қалалық «Қоғамдық даму орталығының» қызметкерлері де өз алғысын айтты.