Түпқараған ауданындағы Каспий теңізі жағалауына мониторинг жүргізу барысында 79 итбалықтың өлексесі табылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Балық шаруашылығы комитетінің мәліметінше, 25 сәуір күні белгілі облыстық балық инспекциясы басқармасының Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының қызметкерлері 12 итбалықтың өлексесін жағалаудан байқаған.
«Жұмыс тобына кіретін жергілікті атқарушы органдар, мамандандырылған ғылыми ұйымдар, Каспий итбалығын зерттеу және оңалту орталығы, Гидробиология және экология институты, Қолданбалы экология Агенттігі, Микробиология және вирусология ғылыми-өндірістік орталығы, облыстың ветеринариялық қызметі, Экология және полиция департаменттері, Табиғат қорғау прокуратурасы жедел түрде хабардар етілді. Инспекция мен жергілікті атқарушы органдардың, Гидробиология және экология институтының өкілдерінен тұратын жұмыс тобы итбалықтар табылған орынға шықты», - деді балық шаруашығы комитетінің баспасөз қызметі.
Ал 23-24 сәуір күндері инспекция теңіз жағалауынан 67 итбалықтың өлексесін анықтады. Алайда олардың ұшалары бұзылып, шіри бастағаны анықталды.
«Итбалықтардың өлекселері шіріген күйде болды. Жануарлар қыс мезгілінде қырылған болуы мүмкін және осы уақыт ішінде өліктер суда қалқып жүрген деген болжам жасалды. Итбалық ұшалары 23 сәуірден бастап батыстан соққан қатты желдің салдарынан жағаға шығып отыр. Гидробиология және экология институтының қызметкерлері сынамаларды алуға болатын бірнеше өлекседен тиісті зерттеулер жүргізу үшін ішкі ағзалардың тіндерін, сондай-ақ азу тістерін ішінара іріктеп алды», - деді балық шаруашығы комитетінің өкілдері.
Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының қызметкерлері Каспий теңізінің жағалау аймағына мониторинг жұмыстарын жүргізуді жалғастыруда.
Айта кететін жайт, 29 наурыздан 25 сәуірге дейінгі аралықта Түпқараған ауданында табылған итбалық өлекселерінің саны 182-ге жетіп отыр.