Ақтауда қала әкімдігінің ұйымдастыруымен қоғамдық тамақтану орындарының талапқа сай жұмыс істеуі бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Қала әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, шараға қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы, Ұлттық сараптама орталығының мамандары және қалалық төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері қатысты.
Мамандар кәсіпкерлерге әртүрлі иістер мен от түтіндердің алдын алу бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Жауаптылар тұрғындардан жиі арыз-шағымдар түсуіне байланысты қаладағы тамақтану орындарының иелеріне әртүрлі иістер мен от түтіндердің алдын алу үшін арнайы қондырғы орнату керегін айтты.
- Шара барысында ұлттық сараптама орталығының мамандары түтіннен бөлінетін ауадағы зиянды заттар көрсеткіші бойынша лабораториялық зерттеу жүргізілді. Лабораториялық зерттеудің нормасы - 5 мг/м3 құрайды. Кәсіпкерлер жұмыс жасайтын мангалда, тандырларда, түтін мен иістерді сіңіретін сүзгі-желдету блогы бар ауа тазарту жүйесін қолдану керек, - деді Ақтау қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Қолқанат Есмұрзаева.